«Арзан мұнайыңды бер, өзге дүниең керек емес»: АҚШ-тың сауда саясаты Қазақстанға қалай әсер етеді?

Көркем Алдабергенова 14 шіл. 2025 14:41

Қазақстан АҚШ-тың сауда саясатынан не ұтты, неден ұтылды? Мұхиттың арғы бетінен жеткен соңғы жаңалықтарға сүйенсек, Вашингтонның импорттық баж салығын арттыру жөніндегі шешімі Қазақстанға да тікелей әсер ететін тәрізді. Сарапшылар мұның салдарын санамалап, себептерін іздеп әлек, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшы Олжас Байділдинов алдымен мынаны анықтап алған жөн дейді: Қазақстанның АҚШ-қа экспорттайтын негізгі тауарлары – мұнай, уран, күміс, титан, ферроқорытпа сынды шикізат өнімдері. Былтыр бұл экспорттың жалпы көлемі 1,8 млрд долларды құраған. Маңыздысы сол – Қазақстанның шикізаттық экспортына бұрын да баж салығы салынған емес, яғни бұл отандық компаниялардың ерекше еңбегінен гөрі Американың өз мүддесін ойлаған саясатқа жақынырақ. Өйткені АҚШ-қа жергілікті өндіріс үшін қажетті арзан шикізат керек.

"Есесіне, Қазақстаннан АҚШ нарығына шығатын өңделген немесе ауыл шаруашылығы өнімдеріне жаңадан енгізілген кедендік баж салығы біздің тауарларға деген америкалықтардың қызығушылығы төмен екенін айқын көрсетті. Қазақстаннан АҚШ-қа жеткізілетін өңделген өнім мен ауылшаруашылық тауарларының жылдық экспорты небәрі 200 млн доллар шамасында. Демек, Қазақстан АҚШ үшін тек шикізат базасы ретінде маңызды деген пікірге келуге болады. Осы тұста сарапшылардың «өнеркәсіпті дамытамыз» деген бұрынғы бағдарламалардың тиімділігіне күмәнмен қарай бастағаны заңды. Егер АҚШ пен Еуропаға тек шикізатымыз керек болса, біз өңдеу өнеркәсібін дамытамыз деп әлекке түсіп, миллиардтаған қаржыны шашудың қажеті бар ма еді?", - дейді сарапшы Олжас Байділдинов. 

Сарапшының сөзінше, жалпы, халықаралық саудада «мәңгілік дос жоқ, тек мүдде бар» дегенді кезекті рет көзіміз көргендей. Бұрынғы келісімдер мен Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарын қайта қарау да қиын шаруа емес екен.

Қазақстанмен бірге АҚШ-тың баж салығы саясатына іліккен Оңтүстік Корея, ОАР, Жапония, Малайзия секілді елдердің жайы бөлек. Олар өздерінің технологиялық өнімдерін экспорттайтын мемлекеттер, сондықтан бұл тізімге енгенде ұтылғандары көбірек. Ал біз үшін мұндай тізімде болу америкалық нарыққа есік ашпайтыны анық.

"Керісінше, сарапшылардың дерегінше, АҚШ компаниялары Қазақстандағы арзан шикізат пен энергия көздерінен және жеңілдетілген шарттармен жүзеге асқан мұнай жобаларынан жылдар бойы ондаған, бәлкім жүздеген миллиард доллар пайда тапты. Қазақстанға келген инвестицияларды есептеген күннің өзінде, кері әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Соның бірі – тарифтердің көтерілуі мен инвестициялық климаттың нашарлауы", - Олжас Байділдинов. 

Еуропалық одақ та алдағы уақытта Қазақстан экспортына қосымша ауыртпалық түсірмек. 2027-2028 жылдан бастап енгізілетін көміртек салығы біздің елден Еуропаға экспортталатын тауарларды қосымша 4-5 млрд долларға қымбаттатуы мүмкін. Мұның себебі ретінде Қазақстанда тауар өндірісінің экологиялық талаптарға сай келмеуі, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларынан ауаға бөлінетін зиянды заттардың көптігі айтылады. Бірақ Қазақстанның өнеркәсіптік дамуға тарихи тұрғыдан кеш қосылғанын, мыңдаған жылдар бойы экологияға зиян келтірмей өмір сүргенін ескерсек, бұл саясаттың қаншалықты әділ екені бөлек әңгіме.

Осындай қиындықтардың ортасында Ресейдің Қазақстанға алдағы бес жыл бойы мұнай өнімдерін баж салығынсыз жеткізетіні туралы жаңалықтың маңызы артты. 2025 жылға ғана Ресейден Қазақстанға бажсыз импортталатын мұнай өнімдерінің көлемі 1,5 млн тоннадан асады. Атап айтсақ, бензин – 285 мың тонна, авиаотын – 300 мың тонна, битум – 500 мың тонна, дизель – 450 мың тонна. Бұл Қазақстанда жылына өндірілетін мұнай өнімдерінің жалпы көлемінің 8,3%-ын құрайды.

Айта кетейік, Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін бажсыз жеткізуді бұған дейін де ұзақ уақыттан бері пайдаланып келеді. Ал Ресей үшін өзге мемлекеттерге экспортталатын мұнайға бұрын баж салығының көлемі әр тоннасына 100 доллардан асып отырған.

"Бүгінде Қазақстанның өзінде мұнай экспортына салынатын баж салығы шамамен әр тоннаға 70 доллар (шамамен бір баррельге 10 доллар көлемінде). Бірақ Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі кен орындарының шикі мұнайы бұл салыктан босатылған. Осының арқасында америкалық және еуропалық мұнай өңдеу зауыттарына қазақстандық мұнай арзан бағамен жетіп жатыр.

Қорыта келгенде, сарапшылар соңғы жағдайлар Қазақстанға кімнің нақты қандай көзқараспен қарайтынын анық көрсетті дейді: АҚШ пен Еуропа елдері Қазақстанды тек шикізат жеткізуші ретінде көрсе, басқа елдермен, соның ішінде Ресеймен экономикалық қатынастар тең дәрежеде әрі тиімдірек дамып отыр. Айтпақшы, өңірдегі энергетикалық және мұнай-газ мәселелері жақын күндері Қырғызстанда өтетін А.М.Горчаков атындағы Қоғамдық дипломатия қорының жиынында кеңірек талқыланады", - дейді сарапшы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар