Қазақстан мен Ислам даму банкі 1,1 млрд АҚШ долларына дейінгі сомаға ынтымақтастық туралы уағдаласты

Ақтоты Жапатова 12 шіл. 2025 11:41

Қазақстан мен Ислам даму банкі (ИДБ) басым инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін 1,1 млрд АҚШ долларына дейінгі сомада қаржыландыру тартуды көздейтін Ниеттестік хаттамасына қол қойды. Құжат ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Нұрлан Байбазаров пен Ислам даму банкінің президенті доктор Мұхаммад Сулейман Әл-Джассер арасындағы кездесудің қорытындысы бойынша рәсімделді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Кездесуде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аумағында инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективалары талқыланды.

Келісімдерді іске асыру Қазақстан экономикасына 1,6 трлн теңгеден астам инвестиция тартуға және 16 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, индустрияландыру мен экономиканы әртараптандыру процестерін жеделдетуге ықпал етеді деп күтілуде.

Gvae3eQW4AA2tDR.jpeg

Ынтымақтастық Қазақстан мен ИДБ 2024 жылғы маусымда қол қойған Шекті бағдарламалық келісімде айқындалған стратегиялық әріптестік шеңберінде жүзеге асырылуда. Аталған келісім аясында тараптар 8 млрд АҚШ долларынан астам сомаға бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру ниетін білдірген болатын.

Бірінші кезең – ИДБ тарихындағы ең ірі несие – 1,15 млрд АҚШ долларын қамтитын тұрақты су ресурстарын дамыту жобасын қаржыландыру болды. Қаражат елдің су және экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған су қоймалары мен ирригациялық арналарды салуға және жаңғыртуға жұмсалады.

Сонымен қатар ұлттық даму институттарының қатысуымен исламдық инвестицияларды тарту бойынша келесі қадамдар айқындалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар