Қазақстанда су тарифтері жаңа тәртіппен есептелетін болды

Көркем Алдабергенова 20 қаз. 2025 16:51

Қазақстанда тұрғындар үшін ауыз судың тарифін белгілеудің жаңа ережелері енгізілді. Енді жергілікті атқарушы органдар судың бағасын өз бетінше бекіте алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Индустрия және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Оның сөзінше, Су кодексіне сәйкес, енді облыстық және қалалық мәслихаттар бір текше метр ауыз суға төленетін ақы мөлшерін өздері белгілей алады.
Бұл ретте өңірлер әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін және қолданыстағы тарифтерді ескеруі тиіс.

«Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар халық үшін судың құнын айқындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», - деді Жүнісбеков.

Комитет төрағасы суды шамадан тыс пайдаланған жағдайда төлем мөлшері өсетінін де еске салды.

Норма бойынша, бір адамға тәулігіне 140 литрден артық су жұмсалса, артық көлемге тарифтің 30%-ы мөлшерінде қосымша ақы алынады.

Жаңа жүйе су ресурстарын үнемдеп пайдалану және тариф саясатын өңірлік деңгейде икемді етуге бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар