Елдегі футбол саласын дамыту және бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет бірқатар нақты шараларды қолға алды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының депутаттық сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Олжас Бектеновтың мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздегі барлық футбол клубтарын жекешелендіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуетті инвесторлармен келіссөздер өткізіп келеді.
Инвесторлардың қызығушылығы:
- «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» («Қызыл-Жар» ФК);
- Freedom Finance («Шахтер» ФК үшін стадион және футбол академиясын салу жобасы);
- Kaspi Group («Жеңіс» ФК мен Астанада инфрақұрылым салу жоспары);
- TAU GROUP LTD («Қайсар» ФК сатып алу ниеті).
Сонымен қатар "Тараз", "Елімай" және "Ертіс" клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен де кездесулер өткен.
Бюджет және тексерулер
2025 жылы футболды дамытуға 34,9 млрд теңге бөлінген. Оның 31,8 млрд теңгесі кәсіпқой клубтарды қолдауға, ал 3,1 млрд теңгесі балалар мен бұқаралық футболға бағытталған.
Соңғы жылдары спортқа бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын бағалау мақсатында 12-ден астам тексеру жүргізіліп, 100-ден аса заңбұзушылық анықталған.
Мәселен, Ақтөбе облыстық прокуратурасы "Ақтөбе" футбол клубында 250 млн теңгеден астам қаржының мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған.
Жаңа шектеулер мен реформалар
2026 жылдан бастап шетелдік спортшыларды (легионерлерді) мемлекеттік қаражат есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.
Сондай-ақ министрлік бұйрығымен футбол клубтарын жергілікті бюджет есебінен қаржыландыруға лимит белгіленді – 500 АЕК-тен аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, жаттықтырушылардың еңбекақысын арттыру үшін 2026 жылдан бастап қосымша үстемақылар төленеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушыларына 30% көлемінде үстеме ақы енгізу үшін республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылған.
"Футболды дамыту мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында", – деді премьер-министр Олжас Бектенов.