Қазақстанда тұрғындар жолда қанша уақытын өткізеді?

Қаракөз Амантай 20 қаз. 2025 17:31

Қазақстандағы транспорт-логистикалық жүйедегі басты мәселе – жол кептелісі мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Осы проблеманы шешу үшін биыл қаңтар–тамыз айларында автомобиль және теміржол құрылысына салынған инвестициялар 35,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 65,2%-ға артты. Бұл туралы Finprom.kz мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алайда қала тұрғындары жолда әлі көп уақыт өткізеді. Орта есеппен қазақстандықтар бір бағытқа 35,8 минут жұмсайды. Алматыда бұл көрсеткіш 39,4 минутқа жетіп, қала 117-ші орында тұр. Астана тұрғындары 34,3 минут жолда болып, 197-ші орынға жайғасқан. Экспоненциальды уақыттық айырмашылық индексі 672-ге жетіп, азаматтардың ұзақ сапардан қанағаттанбаушылығын көрсетеді. Сонымен қатар транспорт жүйесінің жалпы тиімділігін бағалайтын индекс 141,3-ке жеткен, бұл жеке көліктің қоғамдық көліктен басым болуын немесе жұмысқа бару мен қайтудағы ұзақ сапарларды көрсетеді.

Инвестициялардың басым бөлігі кәсіпорындардың өз қаражатына түсіп отыр, яғни 33,4 млрд теңге. Банктерден тартылған қаражат та 3,5 есе өсіп, 1,4 млрд теңгеге жеткен. Аймақтар бойынша ең көп салым Актөбе (11,8 млрд теңге), Шығыс Қазақстан (7 млрд теңге) және Қарағанды (2,8 млрд теңге) облыстарына бағытталған. Бұл өңірлерде жол кептелісін азайтуға және инфрақұрылымды жақсартуға арналған ірі жобалар қолға алынған. Ал ең төмен инвестиция Жамбыл, Атырау және Ұлытау облыстарында тіркелсе, Жетісу облысында биылдан бастап салым мүлде болмаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар