АҚШ-та екі қазақстандық ұсталды деген ақпарат тарады

Cағыныш Сардарова 20 қаз. 2025 14:56

АҚШ-та есірткіні ірі көлемде тасымалдау ісі бойынша Қазақстан азаматтары болуы мүмкін екі адам қамауға алынған. Бұл туралы Tengritravel жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Техас штатының Чемберс округі шерифі кеңсесінің мәліметінше, 2025 жылдың 27 қыркүйегінде арнайы тергеу бөлімі есірткімен күрес басқармасымен бірлесіп, I-10 тасжолында көлікті тексеру кезінде 35 келіден аса кокаин тәркілеген. Тыйым салынған зат көліктің құрылымына мұқият жасырылғаны анықталған.

Көлікті Нұрсұлтан Мұқтарәлі (Нью-Йорк) жүргізген, ал жолаушысы Мұхит Дәнібеков (Пенсильвания) болған. Екеуіне де аса ірі көлемде есірткі сақтады деген айып тағылып, Чемберс округінің түрмесіне қамалған.

Мұхиттың ағасы Жомарт Дәнібеков олар кінәсіз екенін айтып, мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Мұхит пен Нұрсұлтан - көлік тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер, ал есірткі жасырылған көлік өздеріне тиесілі болмаған.

Қазір олардың туыстары 200 мың доллар көлемінде кепіл ақысын және адвокат жалдау шығындарын өтеу үшін қаражат жинап жатыр.

"Олар АҚШ-қа адал еңбек етуге барған. Бөтеннің қылмысы үшін жазаланбауы керек. Бауырымның үш қызы бар, ал жұбайы ауыр науқас", - деді Жомарт Дәнібеков.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар