Перизат Қайратқа қатысты үш эпизодтың бірінде ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 2,9 млрд теңге жинап, оның тек 920 млн теңгесін ғана мақсатты түрде жұмсады деп айып тағылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Осы науқан аясында First Heartland Jusan Bank (қазіргі атауы Alatau City Bank) 300 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеткен. Банктің өкілі Бейбіт Жорабаевтың айтуынша, оларға BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорынан Перизат Қайраттың қолы қойылған хат келген. Онда қайырымдылық көмек сұралған. Бұл мәселе банктің басқарма отырысында қаралып, қаражат қайырымдылық ретінде аударылған.
Алайда Перизат Қайрат бұл бастаманың банктің өзінен шыққанын айтады. Осыған байланысты ол соттан PR қызметінің өкілі Михаил Егормен беттесуге мүмкіндік беруді сұрады. Айтуынша, дәл сол адаммен келіссөз жүргізген.
Банк бұл іске жәбірленуші тарап ретінде танылған. Оның атынан сотта Жорабаев куәлік берді.
Қорғаушы Асланбек Давлетьяров сот отырысында банктен: неліктен дәл сол 300 млн теңге ұрланды деп сенімді айтасыздар, бәлкім ол қаражат шын мәнінде зардап шеккендерге жұмсалған шығар? – деп сұрады. Оның сөзінше, Қайрат 2024 жылдың 2 сәуірі мен 18 шілдесі аралығында 1 млрд теңгеден астам қаржыны моторлы және үрмелі қайықтарға, генераторларға, киіз үйлерге, азық-түлік пен техникаларға жұмсаған.
"Біз тергеу материалдарымен таныстық, тергеу заң аясында жүргізілгеніне көз жеткіздік. Тергеуші ұсынған барлық құжаттарды оқыдық. Бірақ нақты біздің қаражат қайда жұмсалғанын зерттеген жоқпын, сондықтан бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын", – деді Жорабаев.
Сондай-ақ қорғаушы банктен: неліктен ірі қаржы ұйымы 1–2 млн теңгені де мұқият тексеріп барып аударатынына қарамастан, Қайраттың бір ғана хатына сеніп, 300 млн теңгені аударды? – деп сұрақ қойды. Жорабаев бұл шешім банктің басқарма деңгейінде қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде су тасқынынан тіпті банктің кейбір бөлімшелері де зардап шеккен, сондықтан олар көмек беруге ниет білдірген.