Қазақстанда шетелге заңсыз шығарылып, кейін мемлекет меншігіне қайтарылған активтердің қаражаты есебінен 400-ден астам әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, 2024 жылдың мемлекеттік бюджет кірістері шамамен 11 триллион теңгеге жеткен. Республикалық бюджет 100,5 пайызға орындалып, жоспардан 31 миллиард теңгеге артық түсім түскен. Ал жергілікті бюджеттер де оң динамика көрсетіп, 117 пайызға орындалған. Бұл – 656,6 миллиард теңге көлеміндегі қосымша табыс деген сөз.
"Бүгінгі таңда мемлекетке қайтарылған заңсыз активтерден Арнаулы мемлекеттік қорға 434,3 миллиард теңге аударылды. Оның 318,1 миллиарды әлеуметтік маңызы бар 406 жобаға бағытталды", — деді Мәди Тәкиев.
Оның мәліметінше, бұл қаражат:
- 230 сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жаңғырту жобасына,
- 162 денсаулық сақтау нысанына,
- 10 білім беру жобасына,
- 4 спорттық жобаға жұмсалуда.
Министр бұл жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Қайтарылған қаражат ел игілігіне қызмет етуде.