Жетісу облысында шалғай ауыл мектептеріне 8 жаңа автобус берілді

Ақтоты Жапатова 15 шіл. 2025 15:01

Жетісу облысының шалғай ауылдардағы мектептерге 8 жаңа автобус берілді. Бұл жаңа көліктер оқушыларды тасымалдаудың қолайлылығын қамтамасыз ететін болады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Атап айтқанда, Ескелді ауданының Бақтыбай және Алдабергенов ауылдарына, Қаратал ауданының Көкпекті, Кербұлақ ауданының Шанханай, Сарыбұлақ, Сарыөзек ауылдарына, Көксу ауданының Балпық би ауылына, Сарқан ауданының Черкасск ауылына мектептерге автобустар кілтін облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов салтанатты түрде табыстады. Ол өз сөзінде балалардың білімге қолжетімділігін арттыру басты міндет екенін тілге тиек етіп, жаңа автобустармен қамту балалардың мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

- Біздің мектепте 122 оқушы бар, соның 15-і Аққайың ауылынан келіп оқиды. Бұған дейін оқушыларды тасымалдайтын ескі автобусымыз болған. Енді оның орнына жаңа, заманауи, қолайлы автобус берілді. Бұл жайлылық қана емес, балалардың қауіпсіздігі үшін де маңызды, - деп атап өтті Черкасск орта мектебінің директоры Бауыржан Ибраимова.

Бұл автобустар отандық өндіруші «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС зауытында жасап шығарылған. Автобустарда қауіпсіздік белдіктері, ауа салқындату жүйесі, дыбыс зорайтқыш, сигнал түймесі бар. Сол сияқты дәрі қобдишасымен, өрт сөндіргіш және авариялық белгілермен жабдықталған.

Жалпы Жетісу облысының мектептерінде 94 автобус оқушылар тасымалына қызмет көрсетеді. Бұл автобустармен 87 елді мекеннің 2513 оқушысы тасымалданады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар