Freedom Inside '26

Жетісу облысында «Найза-Антитеррор-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтуде

Жетісу облысында «Найза-Антитеррор-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтуде
Жетісу облысы әкімдігі

Жетісу облысының аумағында 12 маусым күні «Найза-Антитеррор-2026» республикалық терроризмге қарсы оқу-жаттығуы ұйымдастырылуда. Іс-шара құқық қорғау және арнайы органдардың террористік сипаттағы қауіп-қатерлерге әрекет ету дайындығын пысықтауға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқу-жаттығу барысында терроризм актілерінің алдын алу, олардың жолын кесу және террористік тұрғыдан осал нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмдері тексеріледі.

Жаттығудың негізгі мақсаты – күштік құрылымдардың жедел әрекет ету қабілетін арттыру, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес саласындағы үйлестіру жұмыстарын жетілдіру.

Осыған байланысты Жетісу облысының жедел штабы тұрғындар мен өңір қонақтарын өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауға шақырады. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын сақтап, көлік құралдары мен жаяу жүргіншілер қозғалысына енгізілуі мүмкін уақытша шектеулерді ескеруді сұрайды.

Мамандар оқу-жаттығу аясында қолданылатын арнайы техника мен күштік құрылымдардың іс-қимылдары жоспарлы сипатта екенін атап өтті. Сондықтан азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырады.