Daryo басылымы белгілі экономист Бехзод Хошимовтың Өзбекстанның экономикалық болашағына қатысты пікірін жариялады. Сарапшы елдің қазіргі даму қарқынына қарап, Қазақстанмен салыстырғанда ЖІӨ деңгейін қуып жету оңай мақсат емес екенін атап өтті. Centralmedia24 аталған материалдың аудармасын ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алшақтық – 5-6 есе
Экономисттің айтуынша, екі елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) арасында айырмашылық 5-6 есеге дейін үлкен.
“Қазіргі өсім қарқыны сақталатын болса, Өзбекстанға Қазақстан деңгейіне жақындау үшін кемінде 30 жыл уақыт қажет болады”, — дейді ол Cactuz атты YouTube-подкастында.
Хошимов атап өткендей, дамыған және дамушы елдердің экономикалық өсуіндегі айырмашылық айтарлықтай.
“Мәселен, АҚШ-та жан басына шаққандағы ЖІӨ – 76 мың доллар. Ондағы жылдық өсім 2 пайыз болса, бұл шамамен 1,5 мың доллар деген сөз. Ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш шамамен 3 мың доллар. 5 пайыздық өсіммен жан басына шаққанда бар болғаны 150 доллар қосылады. Бай мен кедей елдердегі өсім көлемінің аражігі – осында”, — дейді экономист.
Жылына 8-10 пайыздық өсім болмаса, нәтиже жоқ
Экономиканың нақты ілгерілеуі үшін Өзбекстанның жылдық өсімі кемінде 8 пайыз болуы керек. Алайда Бехзод Хошимов бұған күмәнмен қарайтынын жасырмайды.
“Тіпті жыл сайын 5 пайыздық өсім болғанның өзінде де, Қазақстанды қуып жету өте қиын. Біз бүгінгі таңда соншалықты артта қалып қойдық, олардың деңгейіне жету үшін әрбір өзбек азаматының табысы алты есе өсуі қажет. Бірақ бұл оңайлықпен шешілетін нәрсе емес. Оның үстіне, Өзбекстан тіпті орта табысты елдер қатарына қосыла ала ма, жоқ па — бұл да күмән тудыратын мәселе”, – дейді Хошимов.
Қазіргі көрсеткіштер
2024 жылы:
Қазақстанның жалпы ішкі өнімі — 288 млрд доллар. Жан басына шаққанда — 14 мың доллардан асады. Халқы — 20,2 млн адам.
Өзбекстанның ЖІӨ — 115 млрд доллар. Жан басына шаққанда — 3092 доллар. Халқы — 37,2 млн адам.
Сарапшы Өзбекстанның Қазақстанмен экономикалық тұрғыда теңесуі үшін тек уақыт емес, сонымен қатар сапалы құрылымдық реформалар мен тұрақты жоғары өсім қажет екенін атап өтті.