7 минуттық роликке 100 млн теңге: келісімшарт тексеріліп жатыр

Көркем Алдабергенова 04 жел. 2025 18:05

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ұзақтығы небәрі жеті минут болатын тарихи роликке 100 миллион теңге жұмсауға қатысты келісімшарттың заңдылығын тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы заңгер Ләззат Асанова хабарлады. 

Түркістан облысы әкімі аппараты бұл ақпаратты ресми түрде растады. Хабарламада өңір басшысының тапсырмасы бойынша түсірілімге қатысты барлық құжаттар мен рәсімдерге жан-жақты ревизия жүргізілетіні айтылған.

«Облыс әкімі Нуралхан Көшеров аталған келісімшарттың жасалуына байланысты қажетті рәсімдердің сақталуын және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын тексеруді тапсырды», – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Еске салайық, Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты “Ұлы Дала Елі” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны мемлекет қаражаты есебінен “G7 Exlusive” ЖШС-не тарихи бейнеролик жасауға тапсырыс берген. Келісімшарт мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған.

Видеороликтің ұзақтығы небәрі 3–7 минутты құрайды. Ал жобаның құны – 100,8 миллион теңге.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар