Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты “Ұлы Дала Елі” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны мемлекет қаражаты есебінен “G7 Exlusive” ЖШС-не тарихи бейнеролик жасауға тапсырыс берген. Келісімшарт мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Видеороликтің ұзақтығы небәрі 3–7 минутты құрайды. Ал жобаның құны – 100,8 миллион теңге.

Келісімшарт 2025 жылдың 25 қарашасында жасалған.

“Бұдан әрі “Тапсырыс беруші” деп аталатын Түркістан облысы мәдениет басқармасының “Ұлы Дала Елі Орталығы” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны, жарғы негізінде әрекет ететін директор Дюсенбаева Гулжанат атынан бір тараптан және бұдан әрі «Өнім беруші» деп аталынатын "G7 Exlusive" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Жарғы негізінде әрекет ететін Директор Жоспарова Айгерім Әбіләшімқызы атынан екінші тараптан, бұдан әрі бірлесіп «Тараптар» деп аталатындар, 16-бап 3-тармақ 32-тармақша мәдениет ұйымының, мәдениет саласындағы білім беру ұйымының, телерадио хабарларын тарату операторының сахналық көрсетілімдерді жүзеге асыру, өнер туындыларын көпшілік алдында орындау мен көрсету және мәдени құндылықтарды көрсету үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң), «Тікелей шарт тұжырымы бір дерекөздерден» мемлекеттік сатып алудың тәсілі негізінде осы көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шартты (бұдан әрі – Шарт) жасасты және мына төмендегі туралы келісімге келді”, — делінген келісімшарт мәтінінде.
