Қазақстан соңғы жеті жылда цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне өтіп, электрондық мемлекеттік қызметтерді дамытумен қатар технологиялар мен IT өнімдерін экспорттауға бағыт алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
2019–2026 жылдар аралығында елдің цифрлық даму көрсеткіштерінде айтарлықтай өзгерістер болған.
Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту көрсеткішінде 193 елдің ішінде 39-орыннан 24-орынға көтеріліп, 15 сатыға ілгеріледі.
Осы кезеңде ғарыштық технологиялар экспорты да қалыптасты. Егер 2019 жылы бұл көрсеткіш нөлге тең болса, қазір экспорт көлемі 70 млн долларға жеткен.
IT саласындағы экспорт 38 есеге өсіп, 30 млн доллардан 1,142 млрд долларға дейін артты. Оның ішінде Astana Hub компанияларының экспорты 633 млн долларды құрады.
Интернет инфрақұрылымында да өсім байқалды. Халықты интернетпен қамту деңгейі 84%-дан 98%-ға дейін артса, орташа интернет жылдамдығы 21 Мбит/с-тан 88–94 Мбит/с-қа дейін өсті. Сонымен қатар елде бесінші буын байланысы – 5G енгізіліп жатыр.
Цифрлық мемлекеттік қызметтердің үлесі 80%-дан 91%-ға дейін өсті. Қазір электрондық мемлекеттік қызметтердің 96%-ы смартфон арқылы қолжетімді.
Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі де бірнеше есеге артқан. 2019 жылы бұл көрсеткіш 13,3 трлн теңге болса, 2026 жылы 186,3 трлн теңгеге жетті.
Осылайша, цифрландыру мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірумен шектелмей, IT және ғарыштық технологиялар экспортын дамыту бағытында жалғасып жатыр.