Нұрайдың өліміне байланысты сотталушы бір бап бойынша өзін ақтауды сұрады: сот не шешті?

Нұрайдың өліміне байланысты сотталушы бір бап бойынша өзін ақтауды сұрады: сот не шешті?
Фото-коллаж: smartnews.kz

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты сотталған Шерхан Аймаханға қатысты үкім заңды күшіне енді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шерхан Аймаханға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады.

Бірінші сатыдағы сот үкімімен Шерхан Аймахан кінәлі деп танып, оған қылмыстар жиынтығы бойынша түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді. Жәбірленушің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталғаннан оның пайдасына моральдық зиян ретінде 25 млн теңге және адвокаттың қызметі үшін 5 млн теңге өндірілген болатын.

"Үкіммен келіспеген жәбірленушінің және сотталғанның адвокаттары апелляциялық тәртіппен шағым түсірді. Жәбірленуші тарап өз шағымында моральдық зиянды 25 млн теңгеден 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды сұраған. Сотталғанның адвокаттары өз шағымдарында үкімді өзгертіп, Шерхан Аймаханды ҚК-нің 125-1-бабы 1-бөлігі бойынша (сталкинг) ақтауды, ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі бойынша (адам өлтiру) кінәлі деп танып, оған әділ жаза тағайындауды сұраған. Прокурор үкімді өзгеріссіз, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады", - деп жазылған хабарламада.

Алқа істі қарап, бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісті. 24 қыркүйектегі қаулы бойынша үкім өзгеріссіз қалды. Сот актісі заңды күшіне енді.