Қазақстанда АИ-92 маркалы бензиннің бағасы болашақта литріне шамамен 1 АҚШ долларына жетуі мүмкін. Мұндай пікірді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның бағалауынша, елдегі жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және төртінші МӨЗ салу үшін 14–16 млрд доллар көлемінде инвестиция қажет. Сарапшының айтуынша, мұндай ірі жобалардың өзін-өзі ақтауы үшін бензин бағасы қазіргі деңгейден жоғары болуы керек.
«АИ-92 бензинінің бағасы шамамен литріне 1 доллар болуы қажет», – деді Олжас Байділдинов.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда бензин бағасын ырықтандыру қажет екенін мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, қазіргі таңда елдегі жанармай бағасы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда шамамен екі есе арзан. Сондықтан мұнай өңдеу саласына инвестиция салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып отыр.
Олжас Байділдинов бұл пікірмен келісетінін айтты. Оның сөзінше, жаңа мұнай өңдеу қуаттарын толық жүктеу үшін Қазақстанға Теңіз және Қашаған кен орындарының операторларынан қосымша мұнай сатып алуға тура келеді. Алайда бұл компаниялар мұнайды қазіргі ішкі нарықтағы бағамен сатуға мүдделі емес.
«Тағы да атап өтемін: қазіргі бағалар сақталса, ешбір зауыт пен ешбір жаңғырту жобасы ешқашан өзін ақтамайды және біз бұрынғыдай Ресейден мұнай өнімдерін импорттауды жалғастырамыз. Сондықтан жанармай бағасын теңестіру – еліміздің энергетикалық және экономикалық қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бірақ салалық министрлік барлық көлік иелерін алдын ала ескертуі керек деп санаймын: болашақта бензиннің бағасы шамамен 1 доллар болады», – деді сарапшы.