320 млн теңгеге түсірілген “Әбіл” фильмі Қазақстан атынан “Оскарға” ұсынылды

320 млн теңгеге түсірілген “Әбіл” фильмі Қазақстан атынан “Оскарға” ұсынылды
Фото: Қазақстан киногерлер одағы

Қазақстан 2027 жылы өтетін 99-шы "Оскар сыйлығына режиссер Елзат Ескендірдің "Әбіл" драмасын ұсынды. Қазақстанның Оскар комитеті таңдаған туынды "Үздік халықаралық толықметражды фильм" санаты бойынша ел атынан бақ сынайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Картинаның өзегінде тоқсаныншы жылдардың басындағы қазақ ауылы қамтылған. Кеңестік жүйе ыдырап, ел нарықтық қатынастарға бет бұрған тұста бұрынғы колхоздардың да тіршілігі өзгерді. Фильм осы аласапыран кезеңді ірі саяси оқиғалар арқылы емес, қарапайым шопанның өмірі арқылы көрсетеді.

Әбіл ұзақ жыл бойы колхоздың малын бағып, еңбек еткен. Алайда шаруашылық тарап, оның дүние-мүлкі жекешелендіріле бастағанда, кейіпкер өз еңбегіне сай тиесілі үлесін алуға әрекеттенеді. Осы тартыс арқылы режиссер жаңа заманға бейімделуге мәжбүр болған ауыл адамдарының жағдайын, әділет пен адамдық қадір мәселесін алға шығарады. Фильмдегі оқиға 1993 жылы өрбиді.

Туындының қаржылық жағы да назар аударарлық. Режиссер бұған дейін фильмнің жалпы бюджеті 320 млн теңге болғанын айтқан. Картина мемлекеттік қолдаумен түсірілген. Алайда түсірілім кезінде қаражат тапшылығы туындап, Елзат Ескендір өз қаламақысын фильм өндірісіне қайта салған. Продюсер Серік Әбішев те жобаны аяқтау үшін жеке қаражатын жұмсаған.

"Әбіл" Қазақстан атынан "Оскарға" ұсынылғанға дейін халықаралық кино алаңдарында көрсетіліп үлгерді. Оның әлемдік премьерасы Пусан халықаралық кинофестивалінде өтті. Кейін фильм Франция, Қырғызстан, Вьетнам және Бангладештегі фестивальдерден жүлде алды. Басты кейіпкерді сомдаған Ерлан Төлеутайдың актерлік жұмысы да бірнеше халықаралық байқауда марапатталды.

Қазақстандық көрерменге фильм биыл жазда жол тартты. "Әбіл" 25 маусымнан бастап отандық кинотеатрларда көрсетілді.