Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру бойынша кеңес өткізіп, өңірлерге заңсыз қоқыс алаңдарын биыл толық жоюды тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кеңесте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев табиғатты қорғау шаралары, ағаш отырғызу, заңсыз қоқыс полигондарын жою және қалдықтарды өңдеу жобалары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар вице-премьер Аида Балаева, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халық арасында экологиялық мәдениетті нығайту бағытындағы жұмыстарды таныстырды.
Премьер-министрдің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана қоқыс жинау акциясы емес, жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыратын жалпыұлттық қозғалыс.
«Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды жұмылдыру, әр азаматтың қоршаған ортаны таза ұстауға атсалысуы – біздің басты нәтижеміз болуы тиіс», – деді Бектенов.

Министрліктің мәліметінше, биыл «Таза Қазақстан» аясында республика бойынша 1 250 экологиялық іс-шара өткізіліп, 2,8 млн-нан астам ағаш отырғызылған. Қалалар мен ауылдардағы тазалық жұмыстарын қосқанда 3,8 млн ағаш егілген. Бүгінде ел бойынша 18 млн-нан астам көшет отырғызылып, Президенттің 2025 жылға дейінгі жоспары мерзімінен бұрын орындалды.
Заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша да жұмыстар күшейген. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған 3 833 қоқыс алаңының 80%-ы жойылды. Осы бағытта 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12,4 млн теңге айыппұл салынған.
«TazaQazBot» платформасына жыл басынан бері 24 мыңнан астам өтініш түскен, оның 23 мыңнан астамы орындалды. Халық негізінен аумақтарды тазарту, қоқыс шығару, абаттандыру және жол жөндеу мәселелерін көтерген.
Сонымен бірге елімізде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. 8 жаңа ҚТҚ полигоны пайдалануға беріліп, құны 89,4 млрд теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылуда. Астана, Алматы және Шымкентте қоқыс өртеу зауыттарын салу бойынша да келісімдер жасалды.
Кеңес қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге жыл соңына дейін анықталған барлық заңсыз қоқыс алаңдарын толығымен жоюды қатаң тапсырды.
