Таза Қазақстан – Жолдаудағы жасыл даму саясатының көрінісі

Ақтоты Жапатова 27 там. 2025 10:24

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы еліміздің жасыл даму саясатының нақты көрінісіне айналды. Оның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау ғана емес, сонымен қатар қоғамда экологиялық жауапкершілік пен жаңа мәдениетті қалыптастыру,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Акция басталғалы бері 10 миллионнан астам адам сенбіліктерге, ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстарына, өзен-көлдерді тазалауға белсене қатысып келеді. Нәтижесінде республика бойынша 1,6 млн тоннадан астам қоқыс жиналып, 859 мың гектар жер тазартылды.

Жасыл саясат - Жолдау басымдықтарымен үндес

Президент Жолдауында атап өткендей, «Таза Қазақстан» аясында елді мекендер тазарып қана қоймай, жаңа қоғамдық мәдениет қалыптасып келеді. Бұл бастама қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық ағартушылық, цифрлық бақылау сияқты жүйелі шаралармен толықтырылуда.

2024 жылы Үкімет экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Құжат халықтың экологиялық санасын арттыру, жастарды табиғатты аялауға тәрбиелеу, бизнестің «жасыл бастамаларға» қатысуын ынталандыру бағыттарын қамтиды.

Экологияға цифрлық серпін

2024 жылдан бастап іске қосылған @TazaQazBot телеграм-боты арқылы азаматтар қоқыс шығару, абаттандыру, көгалдандыру мәселелері туралы хабарлап, олардың жедел шешілуіне ықпал етіп жүр. Биылдың өзінде 16 мыңнан астам өтініштің басым бөлігі орындалды.

Орманды ұлғайту - ұлттық идея

Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – ел аумағын көгалдандыру. Соңғы жылдары 1,3 млрд-тан астам көшет, соның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанына 48 млн-нан астам сексеуіл егілді. Бұл – экожүйені қалпына келтірудің және климаттық тұрақтылықты нығайтудың нақты қадамы.

Ортақ іс - ортақ игілік

«Таза Қазақстан» бүгінгі таңда жалпыхалықтық қозғалысқа айналды. Мемлекеттік органдардан бастап, бизнес қауымдастық пен еріктілерге дейін табиғатты қорғауға өз үлесін қосуда. Сенбілікке шығу, ағаш отырғызу, қалдықты сұрыптау – әрбір азаматтың Жолдауда айтылған жасыл даму саясатын қолдауға қосқан үлесі.

«Таза Қазақстан» бастамасы елдің жасыл экономикаға қадам басқанын көрсетіп отыр. Бұл – тек табиғатты қорғау шарасы емес, жаңа қоғамдық мәдениеттің қалыптасуы, Жолдаудағы жасыл саясаттың шынайы іске асуы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар