Жер сілкінісінен кейін Алматыда ауқымды тексеріс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сағат 13:10-дағы жағдай бойынша Полиция департаментінің патрульдік көліктері, өрт сөндіру бөлімдерінің арнайы техникалары қала аумағын аралап, тексеріп жатыр.
"Гидробекет бақылаушылары және инженерлік-техникалық мамандар да алгоритмге сәйкес өзен арналарын және нысандарын тексеріп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
ТЖМ "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің мамандары өзен арналарының, гидротехникалық құрылымдардың, сондай-ақ, көшкін және сел қаупі бар аймақтарды бақылауға алған.
"Инфрақұрылым нысандары зақымданғаны-зақымданбағанын анықтау үшін визуалды тексеріс қолға алынды. Қазір бұл нысандар қалыпты жұмыс істеп тұр. Зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ", - деп жазылған хабарламада.
