СҚО-дағы ауылдық елді мекендердің 100%-ы сапалы сумен қамтамасыз етілген

Ақтоты Жапатова 04 жел. 2025 19:31

Солтүстік Қазақстан облысы энергетика мен коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуды жеделдетіп, желілердің сенімділігі мен әрбір ауылдың таза суға қолжетімділігіне басымдық беріп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Мемлекет басшысы Жолдауында коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртудың қажеттілігін атап өткен болатын, ал өңір нақты нәтижелер көрсетуде. Тайынша қаласында 730 млн теңгеге 4,5 км жылу желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталуда. Биыл облыста 76 км электржелілері ауыстырылып, жалпы сомасы 13 млрд теңгеге 3 қосалқы станса қайта жаңартылды. Петропавл қаласы үшін ұзындығы 8,1 км болатын екі жылу желісі жобасы әзірленуде, олардың жалпы құны – 11 млрд теңге. Жалпы алғанда, 2029 жылға дейін 7 мың км-ден астам инженерлік желілер жаңғыртылады.

2025–2026 жылдардың жылыту маусымына дайындық аясында ауқымды жұмыстар жүргізілді: 1,5 мың км электр желісі, 13 км жылу және 5 км су құбыры желісі жөнделді, Петропавл жылу электр орталығы-2-нің №1 мұржасы салынып бітті. Бұл өңір электр жүйесінің сенімділігін арттырды.

Әкім ерекше атап өткен бағыт – ауылды сумен қамтамасыз ету. Үкіметтің қолдауының арқасында ауылдық елді мекендердің 100%-ы сапалы сумен қамтылды. Биыл сумен жабдықтауды дамытуға рекордтық 74 млрд теңге бөлінді, бұл көрсеткіш соңғы үш жылдағыдан екі есе жоғары. Оның ішінде 44,9 млрд теңге – қайтарылған активтерден түскен қаражат. Жұмыстар аяқталуға жақын, іске қосу-реттеу шаралары жүріп жатыр, ең бастысы – су ауылдарға жетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар