Freedom Inside '26

Брюссельдегі нәтиже: Қазақстан мен Еуроодақ 12 млрд долларлық келісім жасады

Брюссельдегі нәтиже: Қазақстан мен Еуроодақ 12 млрд долларлық келісім жасады
Akorda.Kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Еурокомиссияның сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчовичпен, Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен және Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Марек Морамен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы қазіргі сапардың экономикалық нәтижелеріне ерекше тоқталып, Еуропа бизнесінің Қазақстанға сенімі артып келе жатқанын айтты.

«Ағымдағы сапардың экономикалық құрамдас бөлігі, атап айтқанда, жалпы құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылуы еуропалық бизнестің Қазақстан экономикасына және елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімін көрсетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен өткен келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалап, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара бейілділік расталғанын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Еуропалық инвестициялық банкпен ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, бұл серіктестік Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына және өңірлік байланысты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Еурокомиссияның сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчович Қазақстан Президентінің ресми сапары Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынаста жаңа кезеңнің басталғанын айтты.

«Қазақстан Президентінің ресми сапары Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы қатынастардың жаңа тарауын ашады», – деді Марош Шефчович.

Тараптар өзара қызығушылық тудыратын салалардағы бірлескен бастамаларды ілгерілету бойынша диалогты жалғастыруға келісті.