Freedom Inside '26

"Жағдайы өте жақсы": Асқар Ақаев Назарбаевты жақында көргенін айтты

"Жағдайы өте жақсы": Асқар Ақаев Назарбаевты жақында көргенін айтты
kznews.kz коллажы

Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев журналист Асхат Ниязовпен әңгімесінде қазіргі өмірі, Мәскеудегі қызметі және Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналист одан қазір қайда тұрып, немен айналысып жүргенін сұрады. Асқар Ақаев бүгінде Мәскеуде тұратынын және Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде қызмет ететінін жеткізді.

“Қазір Мәскеуде тұрамын. Михаил Васильевич Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жұмыс істеймін. Математика профессоры болып қызмет атқарамын. Білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамын, аспиранттар мен докторанттарды дайындаймын, ғылыми еңбектер шығарамын”, – деді ол.

Сондай-ақ бұрынғы президент Ыстықкөлге соңғы 22 жылда алғаш рет келгенін айтты. Ал Қырғызстанға бұған дейін төрт жыл бұрын барғанын жеткізді. Журналистің елге кіруіне қатысты сұрағына ол ешқандай қиындық жоқ екенін айтқан.

“Иә, ешқандай проблемам жоқ. Қорықпаймын. Ешқандай күзетсіз жүрмін. Мұнда қызыммен келдім”, – деді Асқар Ақаев.

Әңгіме барысында Асхат Ниязов одан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы туралы да сұрады. Ақаев Назарбаевқа құрметпен қарайтынын және онымен жақсы қарым-қатынаста екенін айтты.

“Ең жақсы қарым-қатынастамын. Мен бірге жұмыс істеген адамдардың бәрімен жақсы қатынастамын. Нұрсұлтан Назарбаевқа да 30 жыл бойы үлкен құрметпен қараймын”, – деді ол.

Журналист Назарбаевтың қазір қайда екенін және оны соңғы рет қашан көргенін сұрады. Асқар Ақаев бұл тақырыпта көп сөйлей алмайтынын айтқанымен, оны жақында көргенін жеткізді.

“Соңғы рет жақында көрдім. Ол тірі, дені сау. Жағдайы өте жақсы”, – деді Қырғызстанның бұрынғы президенті.