Freedom Inside '26

Telegram үшін 6 мың теңге алған студентке сот үкімі шықты

Telegram үшін 6 мың теңге алған студентке сот үкімі шықты
pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысында банк шотын үшінші тұлғаларға ақылы түрде пайдалануға берген колледж студенті сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шемонаиха аудандық сотының мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінде студент қыз Telegram мессенджері арқылы белгісіз адаммен байланысқа шығып, 6 мың теңге сыйақы үшін өзінің екінші деңгейлі банктердің біріндегі шотына қолжетімділікті берген.

Кейін бұл шот алаяқтар тарапынан пайдаланылған. WhatsApp-тағы бұзылған аккаунт арқылы алданған жәбірленуші студенттің шотына 280 мың теңге аударған.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, шотын алаяқтар пайдаланатынын білмегенін айтып, өкінетінін жеткізді.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 232-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 78 640 теңге айыппұл салды.

Жаза тағайындау кезінде сот студенттің жас екенін, бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгенін және оң мінездемесін ескерген.

Сонымен қатар сотталған азаматтан Жәбірленушілерге өтемақы қорына 19 660 теңге өндірілді.

Сот жәбірленушінің келтірілген материалдық шығынды өндіру үшін азаматтық талап қоюға құқығы бар екенін түсіндірді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.