Маңғыстауда құрылыс компаниясы жұмысшы қазасын жасырмақ болған

Қаракөз Амантай 04 жел. 2025 16:37

Маңғыстауда лифт шахтасына құлап көз жұмған жұмысшының қазасын құрылыс компаниясы жасырып қалмақ болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Маңғыстау облысындағы құрылыс нысанында 2005 жылы туған жұмысшы қайтыс болды. Өңірлік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, ол алтыншы қабаттан ашық тұрған лифт шахтасына құлап кеткен.

Қайғылы жағдай 4 қарашада болған. Алайда оның жайы тек қазір белгілі болып отыр. Құрылыс компаниясы оқиғаны жасырмақ болған. Инспекция бұл ақпаратты құқық қорғау органдарынан алған.

Алдын ала деректер бойынша, жұмысшы кранмен көтерілген құм салынған ыдысты қабылдап алғаннан кейін қауіпсіз жерге шегінбек болған. Алайда тепе-теңдігін жоғалтып, шахтаға құлап кеткен. Ол алған ауыр жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды.

Департамент қайғылы жағдайдың себептерін анықтау және техника қауіпсіздігінің сақталуын тексеру үшін арнайы комиссия құрған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар