Түркістан облысы Алғабас ауылында 13 адамның өмірін жалмаған өрттен аман қалған ерлі-зайыптының жағдайы тұрақталды. Бұл туралы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта ерлі-зайыпты Жетісай аудандық орталық ауруханасында ем қабылдап жатыр.
“1 желтоқсанда түскен науқастардың жағдайы тұрақты. Күйік жарақатынан кейінгі ем-шаралар жүргізіліп жатыр. Табиғи жолмен тыныс алуда, өмірлік маңызды көрсеткіштері қалыпты. Емдеу хаттамаға сәйкес жалғасып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында”, - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, 18 қараша күні Түркістан облысы Алғабас ауылында екі қабатты үйден өрт шығып, 12 адам көз жұмды.
"Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі жеткен кезде тұрғын үйдің толықтай өртке оранғаны анықталды. Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды", - деп хабарлады Түркістан облысы ТЖД 101.
Айта кетейік, 1 желтоқсанда зардап шеккен 7 жастағы қыз баланың қайтыс болғаны белгілі болды.
Жетісайдан тікұшақ арқылы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген бүлдіршінге дәрігерлер шұғыл медициналық көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
