“Атышулы істің жаңғырығы әлі басылмады”. Саясаттанушы Лариса Пакқа қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 14 шіл. 2025 16:05

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитетінің экс-төрайымы Лариса Пак ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Үш жыл бұрын қоғамды дүр сілкіндірген атышулы істің жаңғырығы әлі басылған жоқ. Әңгіме – 2017 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро қызметкерлері ұстаған, Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пак жайында. Сол кезде тергеушілер оны “жүйелі түрде пара алды” деп айыптаған. Алайда көп ұзамай бұл тергеу азаптауға ұласып, Лариса Пак инсульт алды. Осыдан кейін оны үйқамаққа жібергенімен, тергеуге шақырулар жалғасып, 2019 жылы Лариса Пак өмірден өтті. Ал 2020 жылы марқұм “қылмыс құрамы болмағандықтан” толық ақталып шықты”, – дейді саясаттанушы.

Осы оқиғадан кейін, 2022 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы тергеушілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен ол кезде нақты бір тұлғалар жауапкершілікке тартылған жоқ.

“Ал биыл, яғни 2025 жылдың жазында, сол атышулы іс қайта жанданды. 2017 жылы Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроны басқарған Талғат Татубаев “азаптау әдістерін қолданды” деген күдікпен ұсталды. Сонымен қатар осы бюроның тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары, аты көпшілікке мәлім Олеся Кексель де осы іс бойынша күдікті ретінде танылды”, — дейді ол.

Қазіргі таңда қоғам бұл істің әділ шешілуін күтіп отыр. Бұған дейін Антикор жеке ведомство ретіндегі мәртебесінен айырылып, оның орнына арнайы қызмет генералы басқаратын жаңа құрылым келген еді. Осы өзгерістен кейін бұрынғы тергеушілердің қызметіне қатысты кешенді тексеріс басталған.

“Мұндай тексерістерге бұрынғы бюроның толық жойылып үлгермеген құжаттарының жаңа басшылықтың қолына өтуі себеп болып отыр. Тергеушілердің күмәнді әдістеріне қарсы шағымданғандар, сондай-ақ осы салада көп жыл қызмет еткен әрі жаңа тексерістен өткен ескі кадрлар да толық картинаны қалпына келтіруге көмектеспек. Қалай болғанда да, ендігі жерде қоғам әділетсіз тергеу мен заңсыз әрекеттерді әшкерелеуге жол ашылатынына үмітті”, — деп қосты ол.

Еске салайық, 2019 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитетінің экс-төрайымы Лариса Пак қайтыс болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар