“Қазақтың Робин Гудына” сот үкімі шықты

Dalanews 04 жел. 2025 21:53

Алматыда «Елге көмек» қорының басшысы, «қазақтың Робин Гуды» атанған танымал азамат Ілияс Сариевке үкім шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Алматының Алмалы аудандық соты блогер Ілияс Сариевті бірнеше рет алаяқтық жасады деп танып, оны 3 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. "Қазақ Робин Гуды" жазасын орта қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейді.

Бастапқы үкім бойынша Сариев 4 жыл 8 айға сотталған еді. Алайда амнистия қолданылуына байланысты жаза 3 жыл 8 айға дейін қысқартылды. Сот 20 эпизод бойынша оны ақтап, 6 эпизод бойынша кінәлі деп таныды.

Судья Ернар Қасымбаев үкімді түсіндіре отырып:

«Амнистия аясында сот 3 жыл 8 айдан жоғары жаза тағайындай алмайды. Бұл - заңда бекітілген ең жоғарғы шек. Сондықтан мұны соттың гуманизм көрсетіп, жазаны тым жеңілдетуі деп түсінудің қажеті жоқ», - деді.

Екінші сотталушы - Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот Қылмыстық кодекстің 74-бабын қолданды. Бұл бап кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер үшін жазаны кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырады.

Дүйсеева бастапқыда 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған болатын. Амнистия есебінен оның жазасы орта қауіпсіздік колониясында өтеу үшін 3 жылға қысқартылды. Алайда жаза 2028 жылға дейін - оның баласы 14 жасқа толғанға дейін - кейінге қалдырылды. Осы уақыт аралығында ол пробациялық бақылауда болады.

Еске салсақ, соңғы сөзінде Ілияс Сариев көз жасын тыя алмай, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, соттан толық ақтауды сұраған. Ал Ақтоты Дүйсеева өз кінәсін мойындап, жазаны кейінге қалдыру мен амнистия қолдануды өтінген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар