Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп «Дипломмен - ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысатын мамандардың бәрі бірдей белгіленген талаптарды орындамайтынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, кейбір жас мамандар ауылдық жерде үш жыл жұмыс істеу жөніндегі міндеттемелерін бұзған.
Соңғы үш жылда 166 маман келісім талаптарын орындамай, ауылдық жерде белгіленген мерзімді жұмыс істемеген. Бұған қоса, олардың өтелмеген жеңілдетілген несиелері 784 млн теңгеден асып отыр.
Сенатордың айтуынша, әлеуметтік қолдау шаралары – көтермеақы мен жеңілдетілген несие – ауылға кадр тартуға ықпал етеді. Алайда оларды ұзақ мерзімге ұстап қалу үшін жеткіліксіз. Жалақы деңгейі, тұрғын үйдің қолжетімділігі, әлеуметтік инфрақұрылымның әлсіздігі, бюрократиялық кедергілер және өңірлердегі тәжірибенің әркелкілігі – басты проблемалар қатарында.
Нұртөре Жүсіп анықталған мәселелерді ескере отырып, бағдарламаны қайта қарауды және оған өзгерістер енгізуді ұсынды.
