Премьер-министр Олжас Бектенов азаматтардың жеке мәліметтерінің таралуына қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ертең-ақ алаяқтардың қоңырауы тоқтайды деп кесіп айта алмаймын. Бірақ бүгінде 67 миллион қоңырау бұғатталып, азаматтармен байланысу мүмкіндігі болмады", – деді Үкімет басшысы.
Бектенов 2022 жылы тараған деректердің шынайылығын растады. Оның айтуынша, қазіргі таңда құқық қорғау органдары бұл мәселеге байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Алдын ала мәлімет бойынша, жеке деректер медициналық ұйымдар арқылы тарап кеткен болуы мүмкін. Олар мемлекеттік дерекқорға қол жеткізіп, оны тиісінше қорғай алмаған", – деді премьер-министр.
Оның мәлімдеуінше, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін заңнамалық және шұғыл шаралар қабылданады. Сонымен қатар, мемлекеттік дерекқорлармен жұмыс істейтін мекемелерге қойылатын талаптар да күшейтіледі.
"Қазіргі кезде нақты қорытынды жоқ. Алайда тергеу аяқталған соң кінәлі тұлғалар анықталып, міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады", – деп сендірді Бектенов.