“Әдемі есептер келеді, ал шындық басқаша”. Бектенов туризм саласындағы олқылықтарды мойындады

Қаракөз Амантай 15 шіл. 2025 12:36

Қазақстанда туризм саласы көптеген күрделі мәселелерге тап болып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, еліміздегі көптеген демалыс орындары әлемдік стандарт түгілі, қауіпсіздік пен жайлылыққа қатысты ең қарапайым талаптарға да сәйкес келмейді.

“Жұмыс жүргізілетін болады. Өкінішке қарай, бұл салада бізге тән “ауру” бар. Әрдайым бәрі дайын деген әдемі есептер келеді, бірақ іс жүзінде олай болмай шығады. Мұнда Үкімет тарапынан кемшілік болғанын ашық мойындаймыз”, — деді Бектенов.

Сондай-ақ ол өзі соңғы рет Алакөлде 2021 жылы демалғанын, ал жұмыс сапарларымен Кендерлі курорттық аймағында болғанын атап өтті.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алакөл жағалауының туристік маусымға дайын еместігін сынға алып, жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырған еді. Президенттің сынынан кейін Алакөл жағасында жедел кеңес өткізілді. Артынша вице-премьер Ермек Көшербаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірлерге аттанды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар