"Ұстағандарыңыз - майда-шүйде". Бектеновке Назарбаевтың отбасына тиесілі активке қатысты сұрақ қойылды

Кәмшат Тілеухан 15 шіл. 2025 15:35

Үкіметтегі брифинг барысында Олжас Бектеновке Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына қатысты сұрақ қойылды. Онда да активтерді қайтару бойынша, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкіметтегі брифинг барысында бұл сауалды LS басылымының тілшісі алға тартты:

"Білесіз бе, қаңтар оқиғасынан кейін "Халық үніне құлақ асатын мемлекет, Әділетті Қазақстан құрамыз. Бюджет ақшасынан ескі Қазақстан өкілдері аяғын тартатын болады, ұрланған-жырланған активтерді қайтарамыз" деген секілді ұрандар болды. Бірақ, көріп отырғанымыздай, Назарбаевтар отбасы елімізде бұрынғыдай емін-еркін жүр, бизнестерін дөңгелетіп жатыр, активтері өз жанында, оларға килігіп жатқан ешкім жоқ. Сіз өзіңіз өткенде Антикор басшысы болдыңыз, қазір Үкімет басындасыз. Қалай ойлайсыз, заңсыз активтерді кері қайтару жұмысы сәтті жүзеге асырылып жатыр ма? Назарбаевтың отбасынан қандай да бір активтің қайтарылған кезі болды ма? Біздіңше, бұл жұмыстың барлығы тек ұпай жинау секілді ғана көрінеді. Өйткені біздің көріп отырғанымыз майда-шүйде коррупционерлер, ал ірілері қайда?"

Бұл сауалға жауап бере отырып, Олжас Бектенов бұл арада қандай да бір ұпайға жұмыс істеу деген жоқ екенін кесіп айтты.

"Бұл бағытта үлкен жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Өздеріңіз жақсы білесіздер, тұңғыш Президенттің отбасы өкілдеріне қатысты, тіпті қылмыстық істер де қозғалғанын. Барлығы заң шеңберінде жүргізілуі шарт. Ал бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қайтарылған 900 млрд теңгеден аса, яғни шамамен 1 трлн теңгені "майда-шүйде" десеңіз, өз еркіңіз. Бірақ, әзірге біздің қол жеткізе алғанымыз осы сома. Жалпы, бұл бір күнде бітетін шаруа емес қой, ол өз жалғасын табуда. Әділетті Қазақстанды құру тұрғысына келетін болсақ, әрине 2022 жылдан кейін бұл бағытта айтарлықтай алға жылжулар болды".

Бірақ бұл жауапқа қанағаттанбаған журналист сұрағын былай нақтылай түсті:

"Назарбаевтар отбасы дегенде бірнеше млрд теңге төлеп, қысқа мерзімде түрмеден шығып кеткен ол кісінің туысы туралы айтып отырсыз ба? Мен нақты Назарбаевтың өз отбасына қатысты сұрақ қойып отырмын. Әлде осы жүргізілген істер жеткілікті деп санайсыз ба?".

Бұған премьер қысқа жауап қайырды:

"Жеткілікті ме, жеткіліксіз бе, бұл - бағамдау категориясына жататын нәрсе. Бар айтарым – бұл бағытта жұмыстар өз жалғастығын табады".


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар