Экс-шенеунік алаяқтарға 50 миллион теңгеден аса қаражат аударған

Қаракөз Амантай 14 шіл. 2025 09:46

Белгілі журналист Михаил Козачков бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, 50 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылғанын жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, жәбірленуші — Конституциялық Кеңестің экс-мүшесі, заң ғылымдарының профессоры Серік Темірболатов.

“Тағы бір жоғары лауазымды тұлға интернет-алаяқтардың құрбанына айналды. Темірболатов мессенджер арқылы келген хабарламаларға сеніп, 20 миллион теңгені түрлі шотқа аударған. Бұдан бөлек, тағы 33 миллион теңгеге жуық қаражатты курьердің қолына ұстатып жіберген”, — деп жазады Козачков.

Оқиға Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Іс бойынша айыпталушы — МГИМО-ның 22 жастағы студенті Рустам Худышин. Ол Павлодар облысының тумасы. Журналисттің мәліметінше, ол оқуын аяқтамай, Астанаға оралып, қаражат табу мақсатында интернеттен “Мага” есімді адаммен танысып, курьерлік жұмысқа келісім берген.

“Ең қызығы, ақша Худышиннің қолына қалай түсті? Белгісіз біреулер WhatsApp арқылы танымал адамдардың атын жамылып, сенімге кіріп отырған. Мәселен, Темірболатовқа өз басшысы Қайрат Мәми болып хабарласқан алаяқ, оны арнайы қызметтер террористерді қаржыландыру ісі бойынша тергеп жатқанын айтып, ҰҚК қызметкерлерімен ынтымақтастық орнатуға үгіттеген”, — дейді Козачков.

Оның айтуынша, 70 жастағы профессор күмәнданбастан айтылғандарды орындаған: алдымен жалған “ҰҚК өкілімен”, кейін жалған “Ұлттық банк қызметкерімен” сөйлесіп, олардың нұсқауымен бірнеше есепшотқа ақша аударып, ірі көлемде қаражатты қолма-қол алған. Осы кезде іс жүзінде әрекет еткен — айыпталушы Худышин. Ол ақшаны алып, “Mega Exchange” айырбастау пунктіне апарған.

Біраз уақыт өткен соң экс-шенеунік өзін алдап кеткенін түсініп, құқық қорғау органдарына арызданған. Тергеу барысында тағы екі адамның осы схема арқылы алданғаны белгілі болды.

Сот Рустам Худышинді кінәлі деп танып, оны 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар айыпталушыдан 120 миллион теңгеден астам қаражат өндірілетін болды.

“Сірә, дипломатиялық мансап Худышин үшін кейінге қалатын сияқты”, — деп түйіндеді Михаил Козачков.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар