11 млн теңге: Атырау әкімдігінің келісімі сұрақ тудырды

Самал Асқар 24 сәу. 2026 18:50

Қала әкімдігі орналасқан әкімшілік ғимаратты күтіп-ұстауға 11,2 млн теңгеден астам қаржы бөлінген, деп хабарлайды Dala News.

Ашық деректерге сәйкес, келісімшарт 20 ақпанда жасалып, 10 наурызға дейін күшінде болған. Ал 27 ақпанда толық сома — 11 млн 292 мың теңге — мердігерге төленген.

Сатып алу бір көзден, тікелей келісімшарт жасау арқылы жүзеге асқан.

Құжаттарға сәйкес, мердігер ғимаратқа кешенді қызмет көрсетуі тиіс болған. Оның ішінде тазалық жұмыстары, техникалық және профилактикалық қызмет, ұсақ әрі шұғыл жөндеу, электр және сантехникалық жұмыстар, бейнебақылау жүйесін күтіп ұстау, сондай-ақ тұрмыстық қызметтер бар. Барлық шығын материалдарын мердігер өз есебінен қамтамасыз етеді.

Жұмыстар келісімшарт жасалған күннен бастап 20 күн ішінде орындалуы тиіс. Кепілдік мерзімі – 12 ай. Осы уақыт ішінде анықталған ақауларды мердігер өз қаражаты есебінен жоюға міндетті.

Сондай-ақ мердігер жауапты тұлғаны бекітіп, оның байланыс деректерін ұсынуы және жұмыс кестесін тапсырыс берушімен келісуі қажет. Өтініш түскен жағдайда, жұмыстарды 24 сағат ішінде бастау талап етіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында жаңа әкімшілік ғимараттарды салу мен сатып алуға мораторий енгізілген. Ол 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде.

Ашық мәліметтерге қарағанда, мердігер — жеке кәсіпкер Нұрсұлу Арстанғалиева 2014 жылы Құрманғазы ауданында тіркелген. Қызметкерлер саны 6-10 адам шамасында.

Кәсіпкердің негізгі қызметі — азық-түлік саудасы. Бұған дейін ол негізінен мектептерге тамақ жеткізу және білім беру ұйымдарымен байланысты келісімшарттарға қатысқан.

Соған қарамастан, биыл ол қала әкімдігі ғимаратына қызмет көрсету бойынша келісімшартты конкурссыз, тікелей алған.

Неліктен мұндай қызмет бағыты сәйкес келмейтін мердігер таңдалғаны және алдағы уақытта осындай келісімдер жасала ма — бұл сұрақтарға әкімдік әзірге түсініктеме бермеді.

Редакция тиісті органдарға ресми сауал жолдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove