Коммунальдық тарифтер алда да қымбаттай береді. Неге?

Кәмшат Тілеухан 15 шіл. 2025 12:42

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен брифинг барысында коммуналдық қызметтердің тарифтері алда да қымбаттай беретінін мәлімдеді. Олар мұны коммунальдық сала тарифтерін нарықтық деңгейге жеткізу үшін жасап жатқандарын нақтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бектенов коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсімі ары қарай өз жалғасын таба беретінін атап өтті.

"Осы алаңды пайдалана отырып, тарифтердің өсімі өз жалғасын табатынын айтқым келеді. Әрине, айтқанға ауыр және жағымсыз жайт. Бірақ Үкімет бұл туралы ашық айтып, тарифтерді нарықтық жағдайға келтіру саясатын жүргізе беретін болады", – деп сөзін толықтырды премьер-министр.

Оның айтуынша, тарифтер өте ұзақ уақыт бойы реттеліп, ТКШ-ға инвестиция салуға мүлдем мүмкіндік бермеген, соның салдарынан 2022 және 2023 жылдары, әсіресе Екібастұз бен Риддердегі апатты жағдайларға әкеліп соққанының куәсі болып отырмыз.

"Егер біз қыста үйіміз үнемі жылы болғанын, жарық, сумен үнемі қамтылуды қаласақ, басқа да инженерлік желілердің жақсы жұмыс істеуіне мүдде болсақ, онда мұның барлығы тарифтерді көтеру жолымен жүруі керек болады. Біз инфляцияға тарифтердің қысымын төмендету мақсатында кейбір тарифтерді ұлғайту шарасын сәл кейінге қалдырдық. Бірақ, тұтастай алғанда , бұл саясат алда өз жалғастығын табады", - деді ол.

Бұған дейін елімізде коммунальдық қызметтердің кейбір тарифтерін көтеру кейінге қалдырылғанын, Үкімет бұл азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға және инфляция деңгейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп санайтынын жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар