Back
| DalaNews

Абай мен Амангелді туристерді қызықтырмайды

Бізде қандайда бір бастама көтерілсе, алдымен науқаншылдыққа ұласып, соңы сиырқұймышықтанып кетуі әдетке айналған. Бүгінде осы жаман әдет туризм саласының адымын ашытырмай тұр. Қазіргі таңда барлық облыстық әкімдіктің жанында туризимді дамыту ісімен айналысатын тұтас бөлім, басқармалар жұмыс істейді. Бірақ туризмнің дамып кеткенін көргеніміз жоқ.

 

Әркімге өзінің жері – Мысыр шәрі

| DalaNewsЕгер бұл мәселеге суық ақылмен қарасақ, еліміздің барлық аймағында туризмді дамыту мүмкін емес екенін түсінесің. Қателеспесем, жазда Қостанай облысының Астана қаласындағы күндері өткен кезде облыстағы туризмді дамыту ісіне бел буып, білек сыбана кіріскен ұйымның өкілі (аты-жөні есімде жоқ) Амангелді ауданында Амангелді Имановтың ескерткіші орналасқан ауылда туризмді дамыту үшін арнай жұмыс жоспарын құрып, мемлекет тарапынан қаржы бөлгізіп ауданға туристер тартудың қамымен жүргенін айтқан еді.

Иә, әркімге өзінің туған жері – Мысыр шәрі. Бірақ Амангелді Иманов пен Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші орналасқан жерге туристерді не деп тартасың. Бұл ойым үшін мені ешкім «потриот емес» деп сөге жамандай қоймас.

 

Қарауылға миллион турист келе ме?

| DalaNewsДәл осындай жағдай Семейдегі Қарауылға бара жатқанымда алдымнан шықты. Семейден Ұлы Абайдың туған жері Қарауылға жолға шығып, бір таксист ағайдың көлігіне отырдық. Жол ұзақ болған соң, ағамызбен әр нәрсенің басын бір шалып әңгіме қылып келе жатқанбыз. Таксит ағай: «Жидебайдағы Абайдың басына мінәжат ету үшін жыл сайын миллион адам келеді. Аудан әкімі Семей мен Қарауылдың арасын жалғайтын осы жолды жөндеп қойса болады ғой», – деп әкімге ренішін білдірді. Жолға қатысты ештеңе айта алмадым. Ал ағамыздың «Жидебайға жылына миллион адам келеді» деген сөзіне шыдап отыра алмадым.

– Аға, жыл сайын миллион адам Жидебайға келетін болса, мына жолыңыздың талқаны шығар еді. 10 мың турист келеді десеңіз сенер едім, – дегенде еңгезердей ағамыз зуылдап келе жатқан көлігінің тежегішін басып, «мына бала не деп отыр» дегендей ежірейе қарады. Егер қолында қамшысы болса ойланбастан бастан тартып-тартып жіберер ме еді. Әйтеуір ашуын әрең тежеп, жұлып алғандай:

– Жоқ, бауырым жыл сайын миллион адам келеді. Қазақстанды былай қойып, туристтер сонау Ресейдің өзінен автобуспен лек-легімен келіп жатады, – деп өзінің дәлелдерін айта бастады. Арасында хәкім Абайдың әлем әдебиетінде алатын орыны жайында біраз әңгіме айтып, ұлы ақының атақ-даңқының арқасында Қарауыл Қазақстандағы туристтер көп келетін басты орындардың біріне айналғанын қадап тұрып айтты. Алда әлі бір сағаттық ұзақ жол болғандықтан, ағамызға Жидебайға бір миллион турист келуі мүмкін емес екенін түсіндіруге тырыстым.

| DalaNews– Аға, түсініңіз. Абайдай кемеңгер тұлға туып, өскен қасиетті  Қарауылдың мәртебесін төмендетейін деген ойым жоқ, – деп алдымен ағамызды сабасына түсіріп алуға тырыстым. – Өз басым Жидебайды былай қойып, Қазақстанға жыл сайын миллион турист келеді десе сенбес едім. Жарайды, сіз ойлағандай Жидебайға жыл сайын миллион турист келсін делік, сіз бен біздің Қарауылды бетке алып жүйіткіп келе жатқанымызға 30 минуттай уақыт болды алдымыздан бар болғаны оншақты жеңіл көлік шықты. Туристерді тасымалдайтын бірде-бір автобусты көрмедік. Егер шынымен де Қарауылға жыл сайын миллион турист келсе, мына екі жолды бойы қайнап жатпай ма? Жаңа ғана Қабанбай батыр су ішкен бұлақтың басында шағын дүңгіршек емес, бес жұлдызды қонақ үй тұрушы еді. Мен оны көрмеген соң, сіздің статистикаңызға күдік келтіріп отырмын, – деп таксит ағайды алғашқы ойынан айныттым-ау деп бет-жүзіне барлай қарадым. Бірақ туған жері үшін кісі қолында өлуге бар ағамыз менің бұлтартпас аргументтеріме назар аудармастан:

– Сен мұнда тұрмаған соң білмейсің. Жыл сайын миллион турист келеді, біздің ауылға. Сен өзі Абайдың кім екенін білесің бе? – деп ағамыз «миллион туристің» мәселесін ысырып тастап, маған Ұлы Абайдың қандай ақын болғанын айта жөнелді.

Иә, қазақ үшін Абайдан асқан кемеңгер жоқ. Таксит ағайға Жидебай қорығы туризм дамыту үшін қолайлы жер емес екенін айтып, бұдан ары сөз таластырсам, Семей мен Қарауылдың ортасында (шамамен Қасқабұлақтың маңайында) күре жолдың бойында қалатынымды сезіп, ләм-лим дей алмадым.

 

Алакөлдің әлеуеті…

Егер туризмді дамытып, одан пайда көргіміз келсе, Алакөлдің жағалауын дамытуға күш салуымыз керек. Өз басым Қазақстанда Алакөлден басқа туризмді дамытуға қолайлы орасан зор әлеуеті бар жерді көрмедім. Балқаш пен Көкшетауда туризмді дамытуға болатын шығар. Бірақ олар Алакөлдей мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біздер туризмді дамытып, жаз шықса, сырт елді бетке алатын отандық туристерге тоқтау салғымыз келсе, мемлекеттің туризмді дамытуға бағыттаған барлық қаржылық-материалдық ресурсын Алакөлге бағыттауымыз керек.

| DalaNews

Алакөл Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының аумағында созылып жатқанын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар ауқымды, әрі тиімді болатынын байқау қиын емес.

Сондықтан ақын, батырларымыздың басын туристік орталыққа айналдырамыз деп тыраштану, қолда бар аздаған ресурсымызды далаға шашқанмен тең.

Іргедегі қырғыздар туризм саласын дамытуда Ыстықкөлге айрықша көңіл бөліп, мол табыс тауып отыр. Түркияда да осындай жағдай қалыптасқан. Сондықтан біздер туризмді дамытуды ойласақ, алдымен оған лайықты төрт-бес жерді таңдап алып, бар ресурсымызды соған бағыттауымыз керек. Сол кезде ғана еліміз үшін туризм табыс көзіне айналады.

 

Тарихи ескерткіштер турист тартпайды

| DalaNewsҚазір қалтасында ақшасы бар демалушылар суға түсіп, күнге қыздырынғанды жақсы көреді. Ал біз болсақ, оларды елсіз, сусыз далада орналасқан “бабаларымыздың басына барыңдар” деп әңгіме айтамыз.

Иә, тарихи бағыттағы туризмді дамытуға болады. Ол үшін жоғарыда айтқан тарихи-мәдени орындарда туристерге мінсіз қызмет көрсететін инфрақұрылым болуы шарт. Керемет қонақ үй, мейрамханаларды айтпаған күннің өзінде жол бойында қарапайым күн көзінен тасаланатын жабық көлеңкені емге таппайсың.

Оның үстіне тарихи-мәдени бағыттағы туризмді дамытудың тәуекелі мен шығыны көп екенін де естен шығармаған абзал. Тарихи-мәдени туризм жарнамасын жасау, арнайы гид мамандар ұйымдастыру, қасиетті орындардағы түрлі шектеулер осының бәрі өз деңгейінде тарихи-мәдени туризмнің дамуына тосқауыл болатынын ұмытпауымыз керек.

| DalaNewsСондықтан туризмді дамытуда тарихи ескерткіштерімізді алға тарта бермей Алакөлге көңіл бөлген жөн. Биыл Даниал Ахметов пен Амандық Баталов Алакөлді туризмді дамыту жолын көптеген жұмыстар атқарғанын білеміз. Алакөлдің әлеуетін толық байқаған қос әкім алдағы жылы да көл жағалауында туристік инфрақұрылымдарды дамыта түсуге күш салатыны анық. Алакөлді Қазақстанның туристік

| DalaNews

орталығы ретінде дамытып атқарушы биліктің ресурсын бағыттау үшін бұл іске алдағы жылы Арыстанбек Мұхамедияұлы мен Жеңіс Қасымбек те араласуы керек-ақ. Өйткені әлемдегі терористік оқиғалар, Қазақ-Қырғыз арасындағы салқындық бәрі-бәрі отандық туризмді оңтайлы сәт болып тұр. Сондықтан алдағы маусымда бүткіл Қазақстан болып Алакөлге көңіл бөлейік.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист