Ұлттық қор қаражаты соңғы 10 жылда республикалық бюджеттің үш бір бөлігін жауып келеді

Кәмшат Тілеухан 04 там. 2025 16:22

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Ұлттық қордың қаражаты 33 трлн теңгені құрады, бұл - бір жыл ішінде 13,5% артық көлем. Активтердің өсуіне қарамастан, қордың шығыстары 6,2 трлн теңгеге жетті, оның басым бөлігі бюджетке трансферттерге бағытталған. Бұл туралы 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкіметтің есебіне қатысты Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) есебінде айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"2025 жылғы 1 қаңтарда Ұлттық қордың қаражаты 33 060,9 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 946,1 млрд теңгеге немесе 13,5% өсті. Ұлттық қорға келіп түскен түсімдер 3 827,9 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылға жоспарланған 4 502,4 млрд теңгемен салыстырғанда 674,4 млрд теңгеге немесе 15% аз. Жоспарланған түсім сомасы 5 959 млрд теңгені құраған, алайда республикалық бюджет нақтыланғанда бұл көрсеткіш 1 456,6 млрд теңгеге немесе 24,4% қысқарды. Соңғы үш жылда мұнай бағасының қолайлы болуына қарамастан, республикалық бюджеттің Ұлттық қордағы мұнай долларларына тәуелділігі жоғары болып отыр", делінген ЖАП есебінде.

2023 жылмен салыстырғанда мұнай секторынан тікелей салық түсімдері 748,4 млрд теңгеге немесе 16,4% азайды (2023 жылы – 4 557,4 млрд теңге).

"2024 жылы бекітілген тізімдегі ұйымдар саны 180 компанияға немесе 8,5 есе қысқарды: бұл өзгеріс нәтижесінде Ұлттық қорға шамамен 166 млрд теңге түспеді. Оның ішінде 24,9 млрд теңге (корпоративтік табыс салығы) жергілікті бюджеттерге түсуі керек болатын, өйткені бұл салықты 56 шағын және орта бизнес субъектісі төлеуі тиіс еді", делінген есепте.

2024 жылдың қорытындысын теңгерімді аяқтау үшін Үкімет мұнай секторының кейбір ұйымдарынан (250 мың тоннадан аз мұнай өндіретін) түсетін салықты уақытша республикалық бюджетке бағыттау туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты 2024 жылы мұнай секторы ұйымдарының тізімі 204-тен 24 компанияға (!) дейін қысқарды.

2024 жылы жалпы алынған қаражат (2023 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге артық) 6,2 трлн теңгені құрады: трансферттерге 5,6 трлн теңге, "Қазатомөнеркәсіп" акцияларын сатып алуға 467,4 млрд теңге, "Самұрық-Қазына" облигациялық қарыздарына 84,4 млрд теңге жұмсалды, басқару шығындары 21,5 млрд теңгені құрады.

Салықтық емес түсімдер көлемі 17 400,2 млн теңге болып, 2023 жылмен салыстырғанда 8 936 млн теңгеге көп (2023 жылы – 8 464,2 млн теңге) шықты. Республикалық меншікті жекешелендіруден түскен түсімдер - 1 408,8 млн теңге (өсу – 14%), квазимемлекеттік сектор активтерін бәсекелі ортаға беруден – 47 441,5 млн теңге (2023 жылы болмаған), ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатудан – 62 925 млн теңге (2023 жылы – 53 348,7 млн теңге, өсу – 18%).

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Ұлттық қорға активтерді сатудан және басқарудан түскен инвестициялық кіріс 4 989,7 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3 168,6 млрд теңгеге немесе 1,7 есе көп. Бұл өсім Ұлттық қордың оң сальдосын қамтамасыз етті.

Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылғы желтоқсанда 58,8 млрд АҚШ долларын құрап, 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 1,2 млрд долларға немесе 2% аз шықты.

2024 жылы республикалық бюджетке берілген кепілдендірілген және нысаналы трансферттер 5,6 трлн теңге: оның ішінде кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңгені, нысаналы трансферттер 3,6 трлн теңгені  құрады. Кепілдендірілген трансферт 100% орындалған.

"Соңғы 10 жылда (2015–2024) Ұлттық қор қаражаттары республикалық бюджеттің орташа 29,9%-ын, ал 2024 жылы 23,2%-ын жапты. Бұл шығындардың өсуі инфрақұрылымдық дағдарысты шешуге бағытталғанымен, Ұлттық қор қаражатының сақталуына қауіп төндіреді және мұнайдан тыс бюджет тапшылығын ұлғайтады. Барлығы осы кезеңде қордан 38 846,3 млрд теңге шығындалған: оның 71,2%-ы кепілдендірілген, 28,8%-ы нысаналы трансферттер болып табылады", делінген есепте.

Ұлттық банктің мәліметінше, республикалық бюджетке трансферттерден бөлек, 2024 жылы Ұлттық қордан "Самұрық-Қазына" облигацияларын сатып алу арқылы келесі жобаларға қаржы бөлінді:

  • "Достық–Мойынты" темір жол телімінің екінші жолдарын салу және электрлендіру – 20 млрд теңге;
  • "Талдықорған–Үшарал" магистралды газ құбыры – 64,4 млрд теңге.

Сонымен қатар, республикалық бюджетті қаржыландыру үшін "Қазатомөнеркәсіп" акциялары 15,4% жеңілдікпен 467,4 млрд теңгеге сатып алынды.

Ұлттық қордың жинақтаушы функциясына қауіп бар, себебі ұлттық компаниялар акцияларының сыртқы және ішкі нарықтардағы өтімділігі төмен. Қажет жағдайда оларды жедел сату мүмкін болмағандықтан, құн жоғалту қаупі жоғары.

2009 жылдан бері "Бәйтерек" холдингі мен "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ облигациялық қарыздары арқылы Ұлттық қордан 3 764,4 млрд теңге бөлінген, оның 454,2 млрд теңгесі ғана өтелген. Қалған берешек – 3 310,2 млрд теңге.

ЖАП мәліметінше, мұндай жиі алынатын қаражаттар Ұлттық қор активтерін 2030 жылға дейін 100 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарына қауіп төндіреді. Бұған қоса, бұл компаниялардан түскен сыйақы көлемі төмен деңгейде қалып отыр. 2024 жылы осындай қарыздар бойынша қор тек 45,5 млрд теңге сыйақы алды.

Ұлттық қордың қаражатын басқару және пайдалану тәртібі әртүрлі заңнамалық және нормативтік актілермен реттелетіндіктен, құқықтық тұрақтылық жоқ.

Мысалы, 2014–2019 жылдары аралығында "Бәйтерек" холдингі 940,1 млрд теңгеге облигациялар орналастырған, олар ұйымдастырылмаған нарықта Ұлттық банкпен келісімшарт арқылы сатып алынған (мөлшерлеме – 0,1%–0,15%, айналым мерзімі – 30 жылға дейін).

Осы орайда, Жоғары аудиторлық палата Үкіметке мынадай ұсыныс береді:

  • Қорытынды қарыз алушылар өтеген қаражатты Ұлттық қорға қайтару тетігін әзірлеу;
  • Экономикалық тұрақтылық кезеңінде нысаналы трансферттерді шектеу, яғни қаражатты тек сыни маңызы бар жобаларға ғана бағыттау.

Жаңа Бюджет кодексі бұл шараларды заңды түрде бекітті:

  • Нысаналы трансферттер тек маңызды инфрақұрылымды дамытуға рұқсат етіледі;
  • Квазимемлекеттік секторды жеңілдікпен қаржыландыруға тыйым салынды;
  • Ұлттық қор қаражатын ішкі қаржы құралдары мен ағымдағы мемлекеттік шығындарға пайдалануға болмайды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар