Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тауға шығатын туристерге маңызды ескерту жасады

Ақтоты Жапатова 04 там. 2025 13:42

Жаз мезгілінде Алматы тауларына жаяу серуендеуге шығатындар саны артып келеді. Алайда, демалыстың сәтсіз аяқталмауы үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды. Осыған орай Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті туристерге арнайы жадынама ұсынып отыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz

  1. Жоспарсыз шықпаңыз.Таулы аймақтарда адасып кету немесе ауа райының күрт өзгеруі сияқты қауіптер жиі кездеседі. Сондықтан алдын ала маршрутты зерттеу, жолдың ұзақтығы мен күрделілігі туралы мәлімет жинау өте маңызды.
  2. Жалғыз бармаңыз. Тауға тек топпен барыңыз. Жолда серіктес болуы – қауіпсіздік кепілі.

Рюкзакта не болуы керек?

Міндетті құрал-жабдықтар:

  • Ауа райына сай күртке, шалбар, жылы флис немесе кофта,
  • Жаңбыр жамылғысы, ашық түсті киім (қара немесе камуфляждан аулақ болыңыз),
  • Треккингке арналған аяқкиім,
  • Маңызды құралдар: пауэрбанк, маңдайшам, қосымша батарейка, ысқырық,
  • Жеңіл тамақ, шайы бар термос, дәрі қобдишасы,
  • Газ плитасы мен баллон, алюминий кружка (500 мл).

Түнеу жоспарланса:

  • Ұйықтайтын қап (спальник),
  • Төсеніш (каремат),
  • Қосалқы іш киім.

Туыстарыңызды ескертіңіз

Тауға шығар алдында:

  • Жоспарланған маршрут пен қай уақытта оралатыныңызды жақындарыңызға айтыңыз,
  • Байланыс ұстамаса да, белгі беруге мүмкіндік жасайтын құралдар алыңыз – ысқырық, жарық шамы,
  • Телефонды толық қуаттап, қосымша қуаттағыш дайындап қойыңыз.

Адасып кеткен жағдайда не істеу керек?

  • Сабыр сақтаңыз.
  • Байланыс болса, 112 немесе 8 (727) 372 15 60 нөміріне қоңырау шалып, геолокацияңызды жіберіңіз,
  • Құтқарушылар келмейінше орныңыздан қозғалмаңыз,
  • Байланыс болмаса – ысқырықпен немесе шаммен белгі беріңіз,
  • Тоңып қалмас үшін анда-санда қозғалыс жасаңыз, бірақ жолдан алыс кетпеңіз.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар