Түркістандық 50 оқушы «Daryn.online» платформасы арқылы ҰБТ-ға тегін дайындалады

Жарбол Кентұлы 29 қар. 2024 20:48 277

Түркістанда Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға арналған республикалық «Daryn.online» білім беру платформасының таныстырылымы өтті. Облыстық Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов жоғары сынып оқушыларына платформаның тиімділігі мен қолжетімділігі мен білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктер туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге арнайы қатысқан халықаралық «Daryn.online» компаниясының бөлім басшысы Бәйдібек Қуатбай платформа туралы жан-жақты ақпарат берді. «Daryn.online – Қазақстандағы білім алуға деген сұранысты толығымен қамтитын бірегей платформа. Біздің мақсатымыз – оқушылардың білім алу үдерісін барынша жеңілдетіп, сапалы әрі қолжетімді оқу ресурстарын ұсыну. Түркістан облысындағы жастардың білімге деген ұмтылысы ерекше, сол себепті осындай кездесулердің маңызы зор» деді ол.

Кездесу барысында оқушылар мен ата-аналарға платформаның мүмкіндіктері, функционалдары мен ҰБТ-ға дайындыққа арналған курстары таныстырылды. Сонымен қатар Түркістан облысының 17 аудан, қаласынан келген 50 оқушыға «Daryn.online» платформасына тегін тіркелу мүмкіндігі ұсынылды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, білім беру жүйесіндегі жаңа цифрлық технологиялармен жақынырақ танысты.Одан бөлек, ұйымдастырушылар ерекше мотивация ретінде 130 балдан жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға Дубайға жолдама берілетінін жариялады. Бұл бастама оқушылардың ынтасын арттырып, жоғары нәтижеге жетуге үлкен серпін бермек.

Айта кетейік, «Daryn.online» платформасы – білім алушылардың білім деңгейін көтеруге бағытталған заманауи құрал. Бұл бастама Түркістан жастары үшін сапалы білімге қол жеткізуге жаңа жол ашып отыр. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен  өткен іс-шараның мақсаты – өңір жастарын сапалы білім ресурстарымен қамтамасыз етіп, ҰБТ-ға тиімді дайындық жүргізуге мүмкіндік беру.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар