Мәжіліс Қазақстан Республикасының жаңа Бюджет кодексін қабылдап, құжатты Сенаттың қарауына жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа кодекс жобасын әзірлеу Мәжілісте 2023 жылдың қыркүйегінде басталған болатын. Осы уақыт ішінде құжат жұмыс тобының талқылауларынан өтіп, бірқатар түзетулер енгізілді.
Кодекстің басты мақсаты — болжамдау сапасын арттырып, бюджеттің кірістерін ұлғайту. Осыған орай, экономика салаларының түсімдер көлеміне әсерін талдау тәртібін реттейтін нормалар енгізілді. Бұл нормалар шығыстардың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Яғни, салалық мемлекеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы шешімдер олардың экономикаға әсерін (ЖІӨ-ге қосқан үлесі, бюджетке түсімдердің өсуі, инвестициялар көлемі) ескере отырып қабылданатын болады. Осылайша, бюджеттік заңнама қаражатты игеруге емес, нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижелерге қол жеткізуге бағытталады.
Мемлекеттік органдардың кірістерді жоспарлау және әкімшілендіру бойынша өкілеттіктері нақтыланып, олардың өзара әрекеттестігі күшейтілді. Бұл салықтық емес түсімдерді бақылау, есептілік жүргізу және кірістер бойынша мәліметтер алмасуды қамтиды. Бұдан бөлек, бюджеттің орындалуы туралы жылдық есепке кірістер бойынша егжей-тегжейлі талдамалық ақпарат енгізу жоспарланған (салықтық берешек, алдын ала төлемдер, салықтық алшақтық негізінде алынған кірістер және т.б.).
Өңірлік бюджеттердің кірістерінің асыра орындалған сомалары, ең алдымен, қарыздарды өтеуге және газдандыру, сумен жабдықтау, жылу және электр желілерін жаңарту, жол жөндеу сияқты басым жобаларды қаржыландыруға жұмсалатын болады.