Түркістан қаласында күй өнерін дәріптейтін республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы өз мәресіне жетті. «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерттік залында өткен сайысқа еліміздің әр өңірінен келген 23 қатысушы екі кезең бойынша бақ сынады, - деп хабарлайды Dalanews.kz
Байқаудың алғашқы кезеңінде Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбековтің таңдаулы шығармаларынан классикалық күй орындалды. Содан соң екінші кезеңде оркестр сүйемелдеуімен жеке өнер көрсетті. Бұл күйшілердің орындаушылық шеберлігімен қатар, сахна мәдениеті мен күйді терең сезіну қабілетін бағалауға бағытталған.
Өнер сайысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жүзбай Жанғали, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті, ҚР Мәдениет қайраткері күйші-зерттеуші Әбуғазы Мұрат, ҚР Мәдениет кайраткері Шымкент Саз колледжінің ұстазы Марат Анашев , ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің дирижеры Шыңғыс Исаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға ұстазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Салтанат Құдайбергенова қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Алматы облысынан келген Мейірбек Әзімбаевқа бұйырды. Ал, І орынды оралдық Назымбек Сатпанов иемденсе, ІІ орынды астаналық Аяулым Асқарбаева мен Шымкенттен келген Нұрлыбек Тұрлыбай қанжығасына байлады. Ал, ІІІ орынға қарағандылық Сейілхан Сайлауов, алматылық Медет Жүнісбек пен түркістандық Ғалымжан Жақсылық жайғасты.
Сондай-ақ, үш қатысушы байқау дипломанты атанды. Бұдан бөлек, Төлеген Момбеков, Нұрғиса Тілендиев және Сүгір Әлиұлы атындағы арнайы жүлделер табысталды.
Айта кетейік, байқауды Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқаудың мақсаты – мәдени мұра мен ұлттық болмысты насихаттау, ұлы даланың төл өнері саналатын күйді ұлықтау, оңтүстік аймағының күй өнерін дәріптеу. Сондай-ақ, дарынды орындаушыларға жол ашып, жас буынды дәстүрлі өнерге баулу, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру.