Құпия деректердің тарауы: ЕңбекМиндегі ықпалды шенеунік ұсталды

Көркем Алдабергенова 01 шіл. 2025 11:46

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Ақмәди Сарбасов ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазіргі уақытта Ақмәди Сарбасов –еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті қызметін атқарады. Бұл ұйым Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бағынысты.

"За нами выехали" телеграм арнасының мәліметінше, кеше Алматы қаласының тергеу сотының кестесінде оның аты-жөні пайда болды. Осыдан кейін тергеу органына және министрлікке ресми сұрау жолданған, алайда нақты жауап тек бүгін белгілі болған.

Министрліктің мәлімдемесі:

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысының ұсталғанын растайды. Министрлік тергеу органдарына белгіленген тәртіпке сәйкес көмек көрсетіп жатыр".

Ақмәди Сарбасов министрлік құрылымында 2005 жылдан бері жұмыс істеді, 15 жыл ішінде вице-министр дәрежесіне дейін көтерілді. 2025 жылы ол Еңбек ресурстарын дамыту орталығына басшылыққа ауысты. Бұған дейін ешқандай дау-шарға ілікпеген, кейбіреулердің айтуынша, ол – «бейтарап саясаткер».

Ақмәди Сарбасовпен қатар орталықтың бұрынғы басшысы Дәулет Арғандыков пен «Бірінші кредиттік бюро» компаниясының бас директоры Руслан Омаровқа да бұлтартпау шарасы қолданылған.

Дәулет Арғандыков орталыққа дейін 2014–2015 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау вице-министрі болған. 2015–2018 жылдары Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті қызметін атқарып, кейін консалтинг саласына кеткен. 2020 жылы орталыққа қайта оралған, алайда екі ай бұрын президенттік қызметінен кеткен.

Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, тергеу болжамына сәйкес, орталықта азаматтар мен олардың несиелері туралы ақпаратты «Бірінші кредиттік бюроға» ақылы түрде берген. Компания қызметкерлері VPN арқылы мемлекеттік ұйым базаларына қосылып, қажетті деректерді алған. Кейін, Козачковтың мәліметі бойынша, бюро қазақстандықтарға қатысты кредиттік досье әзірлеп, оны екінші деңгейлі банктерге жіберген. Ал бұл жұмыс үшін банктер бюроға ақша төлеген.

Бюро басшысы Руслан Омаров 80 мың доллар беріп жатқан кезде ұсталған. Ол орталық басшылығына жүйелі түрде пара берді деген күдікке ілінген.

Руслан Омаров кредиттік бюродан бөлек, түрлі банктер құрылымында жұмыс істеген. Бірнеше ай бұрын ол Ұлттық экономика министрлігі жанындағы қоғамдық кеңеске мүше ретінде кірген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар