Таяу Шығыста қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісім — соңғы жылдардағы ең маңызды геосаяси оқиғалардың бірі. Аймақтағы шиеленістің бәсеңдеуі тек соғысушы тараптар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін үлкен мәнге ие. Әсіресе, әлемдік энергетика нарығы мен сауда логистикасы тұрғысынан бұл келісімнің салмағы ерекше. Сарапшылардың айтуынша, Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай мен газ тасымалының қауіпсіздігі жаһандық экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер етеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан да бұл үдерістерден тыс емес. Ел экономикасы экспорттық бағытқа, әсіресе мұнай-газ секторына тәуелді болғандықтан, аймақтағы кез келген тұрақсыздық немесе керісінше, тұрақтану үрдісі ішкі нарыққа да ықпал етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бітімге оң баға беріп, оның жаһандық қауіпсіздік пен экономикалық өсім үшін маңызын ерекше атап өтті. Бұл ұстаным Қазақстанның дәстүрлі бейбітсүйгіш сыртқы саясатына толық сәйкес келеді.
Соңғы жылдары Қазақстан өзін тек өңірлік ойыншы ғана емес, халықаралық деңгейдегі жауапты серіктес ретінде көрсетуге ұмтылып келеді. Бұған дейін ел Сирия мәселесі бойынша Астана процесі аясында келіссөз алаңын ұсынып, қақтығысушы тараптарды диалогқа шақырған болатын. Бүгінде де Қазақстан Таяу Шығыстағы тұрақтылықты қолдай отырып, жанжалдарды дипломатиялық жолмен шешу идеясын алға тартып келеді.
Саясаттанушы Шарип Ишмұхамедовтың пікірінше, қазіргі бітім — тек уақытша тыныштық емес, сонымен қатар жаңа экономикалық және саяси мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды кезең. Алайда ол аймақтағы жағдай әлі де нәзік екенін, сондықтан тұрақтылықты сақтау үшін халықаралық қауымдастықтың үйлесімді әрекеті қажет екенін атап өтеді.
– Таяу Шығыстағы атысты тоқтату туралы келісімді және оның маңызын қалай бағалайсыз?
– Мен Таяу Шығыстағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы қол жеткізілген келісімді жоғары бағалаймын. Оның маңызы өте зор, себебі ол тек қақтығысқа қатысушы елдер үшін ғана емес, аймақпен тығыз байланысы бар және әлемдік саудаға тәуелді мемлекеттер үшін де маңызды. Әлемдік сауда тікелей Ормуз бұғазы мен Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты, әсіресе энергетика, сауда және қызмет көрсету салаларында.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бітімді қолдап, оның жаһандық тұрақтылық үшін маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының бұл ұстанымын қалай бағалайсыз?
– Мемлекет басшысының ұстанымы дұрыс, уақтылы және қажет деп есептеймін. Қазақстан әскери қақтығысқа тікелей қатыспаса да, Таяу Шығыстағы экономикалық, сауда және гуманитарлық жағдайға тәуелді. Оның ішінде Иранмен Каспий теңізі арқылы ортақ шекарамыз бар. Сондықтан Президенттің АҚШ, Иран және аймақ елдері арасындағы келісімді қолдауы, сондай-ақ Пәкістанның бітімгерлік рөлін бағалауы — орынды шешім.
– Аймақтағы тұрақтану жаһандық экономикаға қаншалықты әсер етеді?
– Ормуз бұғазы әлемдегі мұнай мен газ тасымалының шамамен 20%-ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ол араб елдерінің негізгі экспорт-импорт бағыты болып табылады. Қазақстанның да Иран, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерімен сауда-экономикалық байланыстары бар. Сондықтан бұғаздың жабылуы біздің экспорт пен импортқа белгілі бір деңгейде кері әсер етті.
– Қазақстан сияқты аймақтан тыс елдер үшін мұндай тұрақтылық қаншалықты маңызды?
– Бұл мәселе күрделі. Бір жағынан, Ормуз бұғазы арқылы тасымалдың тоқтауы және қақтығыстың ушығуы мұнай бағасының өсуіне әкелді. Мұнай бағасының барреліне шамамен 115 долларға дейін көтерілуі Қазақстан бюджетіне қосымша табыс әкеледі. Алайда жалпы тұрақсыздық халықаралық қауіпсіздікке кері әсер етеді. Мұндай қақтығыстардың жиілеуі санкциялар мен блокадалардың күшеюіне алып келуі мүмкін. Сонымен қатар Қазақстанның БАӘ, Сауд Арабиясы және Иранмен сауда байланыстары әлсіреді. Бұл әсіресе шикізаттық емес секторға әсер етуде: БАӘ-ден келетін көлік пен электроника, Ираннан импортталатын азық-түлік пен құрылыс материалдары азайды.
– Қазақстанның Түркістанды келіссөз алаңы ретінде ұсынуы секілді бастамаларын қалай бағалайсыз?
– Қазақстанның бітімгерлік миссиясы халықаралық деңгейде жақсы белгілі. Ел бұған дейін Сириядағы 2011–2020 жылдардағы соғыс кезінде де делдалдық рөл атқарды. Бұл — Астана процесі. Аталған процесс қақтығысушы тараптардың диалогқа келуіне және белгілі бір уақытқа болса да жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
– Израильде Қазақстан сияқты елдердің бітімгерлік рөлі қалай қабылданады?
– Израиль Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Кей деректерге сәйкес, Израиль мұнайының шамамен 25%-ын Қазақстаннан алады. Сондықтан бұл елдегі жағдай біздің экспортқа тікелей әсер етеді. Қазақстан аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа мүдделі. Израиль де, жалпы алғанда, тұрақтылық пен қауіпсіздікке бағытталған келіссөздерді қолдайды. Израиль, АҚШ және Иран арасындағы ықтимал келісімдер аймақтағы жағдайды тұрақтандыруы мүмкін. Ал Қазақстан ұзақ мерзімді бейбітшілік бастамаларын қолдауды жалғастыра береді.
