Қазақмыс «Жомарт» кенішіндегі жағдайды бақылауға алды

Самал Асқар 08 сәу. 2026 17:05

«Жомарт» кенішінде өндірістік қауіпсіздік шаралары толық көлемде орындалып, бақылауға алынғаны хабарланды, деп хабарлайды Dala News.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев және Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев қатысуымен кенішке жұмыс сапары ұйымдастырылғаны айтылды.

Сапар барысында корпорация өткен жылғы оқиғадан кейін атқарылған жұмыстардың нәтижесін, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың орындалу барысын таныстырғаны хабарланды. Сонымен қатар кеніштегі аэрогаздық жағдай мен бақылау жүйелерінің жұмысы көрсетілген.

Мәліметке сәйкес, мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген. Бұған дейін оқыс оқиға тіркелген аумақтарда газсыздандыру шаралары атқарылып, тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізу бойынша жол картасы әзірленіп, енгізіліп жатқаны айтылды.

Сондай-ақ желдету жүйелерін жаңғырту жалғасып жатқаны, тәулік бойы аэрогаздық бақылау күшейтілгені хабарланды.

Корпорация қосымша ұйымдастырушылық және техникалық шараларды да іске асыруда. Атап айтқанда, жабдықты жаңғырту, персоналды позициялау және апаттық хабарлау жүйелерін дамыту, сондай-ақ мемлекеттік инспекторлардың қатысуымен тексерістер жүргізу қарастырылған.

Барлық жұмыстар бекітілген кесте бойынша орындалып, тұрақты бақылауға алынғаны атап өтілді. Жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдық болып қала беретіні айтылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove