АҚШ-та көлік ішінде болған қайғылы оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Dala News.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, вирусқа айналған видеоларда көрсетілгендей, бұл жол-көлік оқиғасы емес. Оқиға көліктің артқы орындықтарының жиналу механизмімен байланысты болғаны айтылуда. Яғни бала артқы қатарда отырған кезде орындық жүйесі іске қосылып, оны қысып қалған.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, заманауи көлік технологияларының қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарды қайта көтерді.
Осыған байланысты қазақстандық блогер Aidosstan де осыған ұқсас функцияны Hyundai Palisade көлігінде тексеріп көргенін айтты.
«Жаңалықтардан АҚШ-та болған жағдайды көрдіңіздер. Бір кішкентай баланың көлікте отырып зардап шеккен видеосы тарады. Сол себепті осы функцияны өз көлігімде тексеріп көргім келді. Расымен видеодағыдай қауіпті екенін көріп тұрмын», – деді ол.
Блогердің айтуынша, күнделікті тұрмыста ыңғайлы болып көрінетін мұндай функциялар, әсіресе балалар үшін қауіпті болуы ықтимал.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін:
•балаларды көлікте қараусыз қалдырмау;
•орындықтардың жиналу механизмдерін мұқият тексеру;
•қорғаныс функциялары мен блоктау жүйелерінің бар-жоғын қарау;
•қосымша қауіпсіздік шараларын қолдану қажет.
АҚШ-тағы бұл жағдай заманауи көлік технологияларының қауіпсіздігі мен пайдаланушылардың олар туралы қаншалықты хабардар екеніне қатысты мәселені тағы да күн тәртібіне шығарды.
