Бюджетке қанша ақша жиналды?

Көркем Алдабергенова 08 сәу. 2026 13:20

2026 жылдың І тоқсаны бойынша мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары (трансферттерді есептемегенде) 104,4%-ға орындалды. Жоспар 6 176,2 млрд теңге болса, бюджетке 6 444,9 млрд теңге түсті, яғни 268,7 млрд теңгеге артық жиналды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік бюджет кірістері 930,6 млрд теңгеге немесе 16,9%-ға артты. Кірістер жоспарының асыра орындалуы республикалық және жергілікті бюджеттерде де тіркелді. Жыл қорытындысы бойынша бюджетке 18,886 трлн теңге жинау жоспарланып отыр, бұл 2025 жылғы нақты түсімдерден 4,4 трлн теңгеге көп екенін ҰЭМ еске салды.

Республикалық бюджеттің кірістері 101,8%-ға орындалды: жоспар 4 085,6 млрд теңге болса, нақты 4 159,4 млрд теңге түсті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 26,1%-ды (+861,8 млрд теңге) құрады. Бұл көбіне Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларына әлемдік нарықтағы бағаның өсуімен, 2025 жылдың IV тоқсанында ЭСФ жүйесінде тіркелген тауарлар мен қызметтерді өткізудің артуымен, сондай-ақ салық және кедендік әкімшілендіру нәтижелерімен байланысты.

Республикалық бюджет кірістерінің негізгі бөлігін (98%) құрайтын салықтық түсімдер 101,6%-ға орындалды: жоспар 4 012,8 млрд теңге болса, нақты 4 077,6 млрд теңге түсті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 31,5%-ды құрады. ҚҚС 2025 жылдың IV тоқсаны үшін 12% мөлшерлемемен жиналды.

Өсім мына салықтар бойынша тіркелді:

  • КТС +16,9%
  • Импортталатын тауарларға ҚҚС (16% мөлшерлеме бойынша) +24,2%
  • Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (НДПИ) +35,7%

Жергілікті бюджеттердің кірістері 109,3%-ға орындалды: жоспар 2 090,6 млрд теңге болса, нақты 2 285,5 млрд теңге түсті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 3,1%-ды (+68,8 млрд теңге) құрады.

Жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі бойынша 392 мың жеке тұлға тіркелді. ҚҚС төлеушілер саны 10 мың субъектіге артты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove