Ұлттық қор қаражатына бірнеше мемлекеттік орган жауапты. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі LS басылымының сауалына жауабында хабарлады.
Мәселен, Қор активтерін инвестициялық басқаруды Қазақстан Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша табыстылық 15%-ға (8,7 млрд доллар) жетіп, соңғы үш жылдағы инвестициялық табыс 19,5 млрд доллар болды.
Ал қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына Үкімет пен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жауап береді. Ұлттық қордан қаражат республикалық бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферттер түрінде бөлінеді, ал оларды жоспарлау мен игеру жалпы бюджеттік процеске кіріктірілген.
Қаражаттың жұмсалуын бақылау бөлек бағыт ретінде жүзеге асырылады. Бұл міндетті Жоғары аудиторлық палата жанындағы арнайы комиссия атқарады. Ол қаржылық аудиттен бастап жобалардың тиімділігін бағалауға дейінгі барлық кезеңге мониторинг жүргізеді.
Айта кету керек, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата Ұлттық қорды басқаруда бірыңғай орталықтың жоқ екенін атап өткен болатын. Осыдан кейін БАҚ тарапынан Қордағы қаражаттың қалай басқарылып, қалай бақыланатыны туралы сұрақтар туындаған.
Ұлттық банктің мәліметінше, функцияларды бөлу моделі осылай таңдалған және ол ашықтық, есептілік пен тиімділік қағидаттарына негізделген. Әрбір құрылым инвестициядан бастап қаражатты түпкілікті пайдалануға дейінгі өз бағытына жауап береді.
