Қазақстанда қаңғыбас иттерге қатысты тәсіл өзгеруі мүмкін: мәжіліс тиісті заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Dala News.
Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршиннің айтуынша, құжатта қаңғыбас иттерді бұрынғыдай ұстап, қайтадан табиғи ортасына жіберу тәжірибесінен бас тартып, қайтарымсыз аулау моделіне көшу ұсынылған.
Оның сөзінше, ұсталған жануарларды міндетті түрде уақытша ұстау мерзімі енгізіледі. Бастапқыда бұл мерзім 15 күн болып ұсынылғанымен, талқылаулар барысында ең төменгі шек кемінде 5 күн болып белгіленген. Сонымен қатар мәслихаттарға бұл мерзімді ұлғайту құқығы берілмек.
Депутаттың мәліметінше, иесі болуы мүмкін жануарларға қатысты ұстау мерзімі 60 күнге дейін қарастырылған.
Сондай-ақ, оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар шешім қабылдаған жағдайда жануарларды ұзақ уақыт ұстау, жаңа иелеріне беру немесе панажайларда табиғи өліміне дейін күтіп-бағу мүмкіндігі қарастырылады.
Жанбыршиннің дерегіне сәйкес, соңғы бір жылда иттердің шабуылынан 41 366 адам зардап шеккен. Оның ішінде 23 134 адам қаңғыбас иттердің кесірінен зардап шеккені айтылды.
Заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға – республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктеріне – жануарлардың агрессиясын жедел түрде тоқтату бойынша шұғыл әрекет ету шараларын ұйымдастыру құзыреті берілетіні көрсетілген.
Ал қаңғыбас мысықтарға қатысты гуманистік тәсіл сақталады. Депутаттың айтуынша, халықаралық тәжірибе мен тәуекелдер талдауын ескере отырып, оларды қайтадан ортаға жіберу моделі өзгеріссіз қалдырылған.
Мәжілісте бұл заң жобасы қаңғыбас иттердің санын азайтып, адамдарға және басқа жануарларға шабуыл санын қысқартуға мүмкіндік береді деген пікір айтылды.
Сонымен қатар депутаттар жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту мәселесін де талқылаған. Алайда бұл нормалар аталған заң жобасына енгізілмегені нақтыланды.
