Қазақстанда көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазір бұл норма Қылмыстық кодекстің 274-бабында көзделген.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов журналистердің сұрағына жауап бере отырып, аталған бапқа қатысты сын-пікірлер жиі айтылатынын жеткізді. Көпшілік бұл норманың кей жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қарсы қолданылатынын алға тартады.
Оның айтуынша, ведомство ішінде осы норманы декриминализациялау мәселесі талқыланып жатыр. Яғни, аталған құқықбұзушылық үшін жауапкершілікті қылмыстық заңнамадан алып тастау мүмкіндігі қарастырылуда.
