Қазақстанда жануарларға қатысты заңға өзгеріс енгізіледі

Көркем Алдабергенова 08 сәу. 2026 12:26

Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құжат осы саладағы заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және жануарларға ізгілікпен қарауға бағытталған.

Атап айтқанда, ұсталған жануарларды қайта жіберуді болдырмау үшін оларды уақытша ұстау пункттеріне міндетті түрде тапсыру ұсынылады. Сондай-ақ иесіз жануарларды мемлекеттік бюджет есебінен вакцинациялау нормасы алып тасталады.

Бұдан бөлек, қараусыз жүрген жануарлардың санын реттеу көзделген. Оның ішінде жұртшылықтың денсаулығын қорғау және аурулардың таралуының алдын алу үшін эвтаназия қолдану мүмкіндігі де қарастырылады. Бұл функциялар жануарларды аулаумен айналысатын жергілікті атқарушы органдарға бекітіліп, олардың өкілеттіктері кеңейтіледі.

Құжат үй жануарларын есепке алу жүйесін дамытуды да қарастырады. Атап айтқанда, чиптеуді міндетті түрде енгізу, сондай-ақ жануарларды тек тіркеу болған жағдайда ғана көбейту талаптары белгіленеді.

Сонымен қатар қоғамдық бақылау құқығы бекітіледі, сөйтіп қоғам өкілдері жануарлардың панажайлары мен уақытша ұстау пункттеріне баруға мүмкіндік алады.

Заңды қарау барысында депутаттар «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Ветеринария туралы» заңдарға да өзгерістер енгізді. Түзетулер жергілікті органдардың жануарлар санын реттеу, жануарларға арналған панажайларды қолдау және оларды жаңа иелеріне беру бағытындағы әлеуметтік жарнаманы дамыту жөніндегі өкілеттіктерін нақтылайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove